Шағын және орта кәсіпкерлік – ел экономикасының тірегі. Биыл кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларына 20 млрд теңге бағытталып, нәтижесінде 1 971 жобаға қаржылай қолдау көрсетілген. Жүйелі қолдаудың нәтижесінде қала экономикасында шағын және орта кәсіпкерлік секторы арқылы өндірілген өнім көлемінің үлесі 41 пайыздан 58 пайызға дейін өскен. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қаладағы бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесуінде саладағы жеттістіктер мен бизнесте кездесетін кедергілер талқыланды.
Ашық форматта өткен жиын кәсіпкерлер мен қала әкімдігі арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамыту мен инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған. Кездесу барысында кәсіпкерлік қызметке тікелей әсер ететін бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Алғы сөз алған мегаполис басшысы Шымкент экономикасының даму қарқынына тоқталып, инвестиция тарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.
ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
Жалпы бизнестің үлесі 60 пайыздан асты біздің бюджетімізде. Бұрындары басты түсімдер мұнай өңдеу зауытынан түсіп отырған. Қазір ол екінші орынға шықты. Республикалық бюджеттен дербестігіміз 56 пайызға жетті.
Жиын барысында кәсіпкерлер тарапынан бірқатар өзекті мәселелер мен ұсыныстар көтерілді. Атап айтқанда, білім саласында жекеменшік балабақшалардағы балалар үшін төлемақы мөлшерін қайта қарау, сондай-ақ кәсіпорындарда дуальді оқыту жүйесін кеңейту, яғни колледждер мен өндіріс орындары арасындағы өзара байланысты күшейту мәселелері қозғалды. Бұл, өз кезегінде, білікті кадр даярлау мен жастарды жұмыспен қамтуға оң ықпал ететіні айтылды.
ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
Бірлік деген екі жақты болу керек. Біз жақтан қолдау бар егер қолдау болмай қалған жағдайда оны ашық айтыңыздар. Салықтан жалтарып басқа өңірге кетуді мен қолдамаймын
Жиын соңында қала әкімі кәсіпкерлерге сындарлы диалог пен бірлескен бастамаларды іске асыруға белсенді атсалысқандары үшін алғыс білдірді. Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру, инфляцияны тежеу және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында көрсеткен қолдаулары ерекше аталып өтті. Кездесу соңында Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі мен жоғары әлеуметтік жауапкершілігі үшін бірқатар кәсіпкер қала әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.