Үшінші мегаполисте дүбірлі дода. Алғаш рет Шымкент қаласы әкімінің кубогы сарапқа салынуда. Жарыс жастар арасында қазақ күресінен өтті. Жеңіл атлетика спорт кешенінде ұйымдастырылған палуандар сайысын тілші әңгімелейді.
Дәстүрлі күрес додасы Шымкентте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Мұндай сайыс спортшылардың шеберлігін шыңдауға зор мүмкіндік береді. Жарыстың ашылу салтанатына Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дәрменов қатысып, жастарға сәттілік тіледі. Сондай-ақ ол қазақ күресінен Шымкент қаласы әкімінің кубогының маңыздылығына тоқталды.
ЕРМЕК ДӘРМЕНОВ, ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Тәуелсіздік күніне орайластырып отырмыз. Мақсатымыз – биыл заң қабылданып, қазақ күресі олимпиадалық спорт түрлеріне теңестірілгенін ескере отырып, ұлттық спортты дамыту. Бұл турнирге еліміздің 7 облысынан спортшылар келіп отыр.
Айтулы шараға Алматы мен Шымкент қалаларынан, сондай-ақ Жамбыл, Алматы, Қызылорда, Павлодар және Түркістан облыстарынан 100-ден астам жас балуан келген. Жастар 8 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынасты. Жарыстың бас төрешісі Әділжан Ыстыбаевтың айтуынша, спортшылар мықты дайындықпен келіпті.
НҰРЛЫХАН БАЗАРБАЕВ, СПОРТШЫ
Мен алғашқы айналымда Павлодар облысынан келген спортшымен шықтым. Жақсы дайындықпен келдік. Күніне төрт сағат, таңертең және кешке жаттығамыз. Бүгін жеңіске жетемін деген ойдамын.
Бұл жарыс жас спортшылардың кәсіби шеберлігін арттыруға және дәстүрлі қазақ күресін кеңінен насихаттауға бағытталған. Кубоктың жеңімпаздарына алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табысталды. Шымкентке ат басын тіреген жас палуандар ұлттық спортты ұлықтады.