Қала әкімі Meiram Kurylys ЖШС-не барды. Кәсіпорында 70 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Мұнда ай сайын шамамен 500 тонна құрылыс конструкциясы өндіріледі. Сонымен қатар түрлі мақсаттағы модульдік ғимараттар, шағын сәулет нысандары, саябақ және көше жиһаздары дайындалады. Компания басшылығымен өндірістік желілерді кеңейту перспективасын талқылады. Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасына «Жұлдыз» индустриялық аймағынан жер телімін беру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.


Сонымен қатар Қайтпас және Бозарық шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үйлерді аралап көрді. Мұндағы пәтерлер тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін сатып алынбақ. Бұл жобаларды іске асыру көпбалалы отбасылар, жетім балалар, мүгедектігі бар жандар және өзге де әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға тұрғын үй беру үдерісін жеделдетіп, олардың тұрмыс жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Барлық пәтерлер толық әрленген және қажетті инфрақұрылыммен бірге тапсырылады. Құрылыс компания өкілдеріне болашақ тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін салынатын тұрғын үйлердің сапасына ерекше назар аудару керек екенін айтты. Бұдан бөлек, қалалық полиция департаментінің Жедел басқару орталығының жұмысымен танысты. Қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында биыл цифрландыру басқармасы департаментпен бірлесіп қала аумағына 4 425 бейнебақылау камерасын орнатты. Қазір камераларды ЖБО жүйесіне біріктіру жұмысы жүргізіліп жатыр. Жауапты тұлғаларға бейнебақылау камераларын жедел басқару орталығының платформасына уақытылы қосып, тәулік бойы бақылауды қамтамасыз ету міндеті жүктелді.