Биыл Шымкентке 29 мың турист келген. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға көп. Ал Қазақстанның басқа қалаларынан 380 мыңға жуық қонақ ат арытқан. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары, әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек баспасөз отырысында мәлімдеді.


ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Келушілер қаланың көрікті орындарын аралап, тұрмыс-тіршілігімен танысады. Ашық аспан астындағы мұз айдындарына барып, зообақты қызықтайды. Сән-салтанаты келіскен саябақтарды кезіп, сауда орталықтарына барады. Шаһарда келген меймандарды қабылдап, қызмет көрсететін қонақ үйлер саны да артқан.


СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ӘКІМДІКТІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ
 – «Қаламыздағы қонақ үйлердегі бөлмелердің саны 4132-ге жетіп, былтырғы жылмен салыстырғанда 12,4 пайызға артқан. Былтырғы жылы мұндай бөлмелердің саны 3674 болатын.»


ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Шымкентте 1 және 4 сынып аралығындағы 75 мың 815 оқушы бюджет есебінен тегін ыстық тамақ ішеді. Бұл қатарда тағы 21 мың 494 5-11 сынып аралығында білім алатын аз қамтылған отбасы балалары да бар. Олар мемлекеттік мүмкіндікті пайдалану үшін ваучерлік жүйеге тіркелуі қажет. Ресми өкілдің айтуынша үкімет жеңілдігін пайдаланбай, ваучер рәсімдей жүрген ата-аналар да бар.


 СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ӘКІМДІКТІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ
– «Ол ваучер рәсімдемесе ыстық тамақ іше алмайды. Осыған байланысты ата-аналарына 14-14 егов ақпараттық платформасынан смс те келді. Сол смс-ті қабылдамай қойған ата-аналар да бар. Сол тұрғыда жүйелі түрде жұмыс істемеген мектептер де бар. Бұған сол мектептердің басшылары кінәлі деп айтқымыз келеді.»


Баспасөз отырысы ары қарай сұрақ-жауап форматына жалғасып, Сәрсен Абайұлы БАҚ өкілдері жолдаған сауалдарға жеке-дара тоқталып, толыққанды жауап берді.