Индустриалды аймақтардың аумағы кеңейеді. Шымкентте бүгінде 7 өндірістік аймақ бар. Онда 318 жоба жүзеге асқан. Қазіргі таңда жаңа жобалар қолға алынып, өндіріс көлемі артып келеді. Сондықтан қосымша жер телімдерін қарастыру арқылы өндіріс алаңдарын ұлғайту жоспарланып отыр.

Шымкентте кәсіпкерлік саласында бірқатар жетістіктер бар. Өңдеу өнеркәсібінде 1 триллион 218 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, қала өңірлер арасында 3-орынға жайғасты. Сондай-ақ қаңтар–қараша айларында қала экономикасына 715,2 миллиард теңге инвестиция тартылған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 850 миллиард теңгеге жетеді деп күтілуде.

 ЕРМЕК ТҰРМАНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНДУСТРИЯЛДЫ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Қаңтар–қараша айларында өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 триллион 362,9 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,9 пайызға артты. Бұл көрсеткіш бойынша Шымкент өңірлер арасында 5-орында. Өңдеу өнеркәсібінде 1 триллион 218,2 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 115,8 пайыз болды. Бұл көрсеткішпен қала өңірлер арасында 3-орынға шықты.

Шымкент қаласында шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 143 мыңға жеткен. Өнім өндірушілер санының артуы индустриалды аймақтардағы жер көлемін кеңейтуге сеп болып отыр.

 ЕРМЕК ТҰРМАНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНДУСТРИЯЛДЫ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Қазіргі таңда «Жұлдыз» индустриалды аймағын кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар металлургия саласын дамытуға басымдық берілуде. Бұдан бөлек, темір индустриалды аймақ құрылып жатыр, оның жалпы аумағы 1076 гектарды құрайды. Сондай-ақ бұрынғы қорғасын зауыты аумағында 118 гектар жерге шағын және орта кәсіпкерлікке арналған дайын өндірістік алаңдар салынуда. Қазір бұл алаңдар іске қосылып, жұмыс істеп тұр.

 Шымкентте алғаш рет өңдеу өнеркәсібінде 1 триллион теңгеден астам өндірістік өнім шығарылды. Бұл жетістікке фармацевтика саласы елеулі үлес қосып отыр. Одан кейін тамақ, химия, сусын, қағаз және пластмасса өндіретін өнеркәсіп салаларының жұмысы жандана түскен.