Ономастикалық атауларды қалпына келтіру және оларды реттеу жұмысы жалғасуда. Жер-су атауларына тарихи тұлғалардың есімі беріліп, көшелер соғыс ардагерлерінің атымен аталып жатыр. Десе де, оңтүстік өңірде кеңестік дәуірден келе жатқан, атауы әлі күнге дейін өзгертілмеген елді мекендер бар.
1991 жылдан бері Түлкібас ауданында бірнеше елді мекен атауы жаңартылды. Бұған дейін Ванновка, Вознесеновка, Корниловка, Сергеевка, Ильиновка, Антоновка, Дмитровка, Военка секілді атаулар жаппай өзгертілді. Тек Сеславино ауылының атауы ғана өзгеріссіз қалып отыр. Жергілікті тұрғындар ескі атауды өзгертіп, кезінде небір ушыққан дау-дамай, талас-тартыс, ұрлық-қарлық пен зорлық-зомбылыққа байланысты түрлі істерді шешкен Қойбек бидің есімі берілсе дейді.
Сеславино ауылы Келтемашат ауылдық округінің оңтүстік-шығысында, Өгем–Сайрам ұлттық паркімен ұштасып жатқан Дәубаба тауының етегінде орналасқан. Жазушы әрі тарихшы Мұхтар Қазыбектің айтуынша, Сеславиндер әулетінің бұл өңірге ешқандай тарихи қатысы жоқ. Осыған байланысты ол ономастикалық мәселені бірнеше жылдан бері көтеріп келеді. Сондай-ақ елді мекеннің байырғы «Дәубаба» атауын қалпына келтіру қажет екенін айтады.
Атауы бұрмаланған елді мекендердің тарихи атауын қалпына келтіру бағытында тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Алайда Түлкібас өңірінде Қойбек бидің сүйегі жатқан елді мекенге тарихи атаудың қашан қайтарылатыны әзірге белгісіз. Жергілікті тұрғындар Сеславиномен қатар, бүгінге дейін өзгеріссіз қалып қойған «Кончасть» елді мекенінің де байырғы атауы қалпына келтірілсе екен дейді. Мәселен, Сеславиноның тарихи атауы — Дәубаба, ал «Кончасть» бұрын Қойбек би деп аталған.