Қаратау ауданында кезекті көшпелі қоғамдық қабылдау өтті. Тұрғындар инфрақұрылым, қоғамдық көлік тапшылығы және мектеп мәселелерін көтеріп отыр. Қабылдауды «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында ұйымдастырып отыр.


Мәселемен келген тұрғындарды партия қызметкерлері, аудан әкімдігінің өкілдері, салалық басқарма мамандары тыңдады. Қоғамдық қабылдау барысында инфрақұрылым және қоғамдық көлік тапшылығы көп айтылды. Тұрғындар сөзінше, халық саны көбейген шағынауданда автобустар жетіспейді.


 ГҮЛЖАНАТ БАЕТОВА, ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ БӨЛМЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ
Басым бөлігі инфрақұрылымды дамыту – ауыз су, қоғамдық көлік, жарық және жол мәселелерін көтереді. Біз дер кезінде шешілетін мәселе болса шешеміз, шешілмеген жағдайда хаттама түзіліп, тиісті басқармалармен жұмыс жасаймыз.


 Сондай-ақ тұрғындар бейнекамера орнату және баспана мәселелерін көтерді. Сонымен қатар, ауданда мектептің аздығын жеткізді. Айтуларынша, балалар төңіректегі білім ордаларына сыймайды.


НҰРГҮЛ БИЖАНОВА, ТҰРҒЫН
Жаңа аудан болғаннан кейін ең бірінші үйдің сапасы. Жаңа келіп құрылыс басқармасына да айттым. Жертөлелерге су кіріп жатыр, фасадтар мүжіліп жатыр.Бұл мәселелені айттым басшыларына да, қарастырамыз, ақылдасамыз деген жауап алдым. Бүгін де айттым әлі қарастырамыз деді.  Тұран 2 м.а халқы өте көп. 2 мектеп аздық етіп жатыр. Тағы 2 мың орындық мектептің үшеуі керек. Одан кейін балабақша.


Тыңдалған мәселелер бойынша қабылдау мүшелері тиісті сала мамандарымен бірлесіп, шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді. Айта кетейік, жыл басынан бері Шымкент қаласында 37 мобильді қабылдау өткізіліп, 1000-ға жуық мәселе оң шешімін тапқан. Бұл — жалпы тіркелген өтініштердің 62 пайызы.