Мегаполистегі ет өндіретін кәсіпкерлер өнімді экспорттауда қиындықтарға тап болып отыр. Қалада 40-қа жуық ірі ет өндіруші бар. Олар өзекті мәселелерін көтеріп, сауалдарын тікелей қала әкіміне жолдады.
Бұрын мың бас бордақылау алаңы бар кәсіпкерлер ет өнімдерін шетелге еркін шығара алатын. Ал жаңа талаптарға сәйкес, қазір тек 5 мың орындық бордақылау алаңы бар кәсіпкерлер ғана өнімін сыртқы нарыққа экспорттай алады. Мұндай кәсіпорындар мегаполисте саусақпен санарлық. Егер бұл мәселе шешімін таппаса, мал бордақылау кәсібі тиімсіз іске айналуы мүмкін.
ТАХИРБЕК НЫШАНБАЕВ, КӘСІПКЕР
Біз бұл мәселені министр келген кезде де көтердік. Атамекен кәсіпкерлер палатасында да айттық. Алайда бүгінгі күнге дейін нақты нәтиже жоқ.
Қала басшысы бұл шектеулер уақытша екенін айтты. Негізгі мақсат – мегаполис тұрғындарын қолжетімді бағада етпен қамтамасыз ету. Қыс мезгілінде сиыр етінің бағасын көтермеу үшін осындай шектеулер енгізілген.
ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
Біз кәсіпкерлермен біргеміз. Алайда ең алдымен халықты қолжетімді әрі сапалы етпен қамтамасыз ету үшін осындай шараларға барып отырмыз.
Ашық форматта өткен жиын кәсіпкерлер мен қала әкімдігі арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамыту мен инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталды. Кездесу барысында кәсіпкерлік қызметке тікелей әсер ететін бірқатар өзекті мәселелер көтерілді.