Шымкентте мата емес материал өндіретін фабрика жұмысын бастады. Зауыт ел нарығына құрылыс, медицина және ауыл шаруашылығына арналған полипропилен бұйымдарын шығарады. Сонымен қатар металл есік өндіретін зауыт та ашылды. Жүзден астам адамды жұмыспен қамтыған өндіріс ошағында өртке қарсы және техникалық металл есіктер шығарылады.


Арнайы экономикалық аймақта іске қосылған зауытта спанбонд материалдары өңделіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс және медицина салаларына арналған өнімдер өндіріледі. Заманауи технологиямен жабдықталған кәсіпорын жылына 4,8 мың тоннаға дейін өнім шығарады. Дайын тауар Қазақстанда ғана емес, көрші мемлекеттерде де сұранысқа ие, дейді мамандар.


 ҚАНАТ СЕЙІТҚҰЛ, ФАБРИКАНЫҢ БАС ИНЖЕНЕРІ
Бұл мекеме Қазақстанда алғаш рет ашылып отыр. Бұған дейін дайын өнімді Ресей мен Қытайдан тасымалдайтынбыз. Бұл заттарға сұраныс жоғары. Сондықтан өз өнімімізбен ішкі нарықты қамтамасыз ету жөнінде шешім қабылдадық. Қазір өнімнің шамамен 60 пайызы ішкі нарыққа, 40 пайызы шетелге шығарылады.


Жобаның жалпы инвестиция көлемі 4,7 млрд теңге. Кәсіпорын толық іске қосылған кезде 136 тұрақты жұмыс орны ашылып, жылына 4,8 мың тоннаға дейін өнім өндіріледі. Жаңа фабриканың ашылуынан кейін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Сайрам тұрғын алабында орналасқан металл есік шығаратын зауыттың ашылуына қатысты. Мұнда пәтерлік, өртке қарсы және техникалық металл есіктер жасалады. Жоба құны – 3,7 млрд теңге. Кәсіпорын жылына 150 мың дана есік шығармақ.


 ЕРМЕК ТҰРМАНОВ, ҚАЛАЛЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНДУСТРИЯЛДЫ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бірінші зауытқа 4,9 млрд теңге, металл есіктер зауытына 3,7 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл екі кәсіпорын да мемлекеттен немесе банктерден несие алған жоқ. Барлығы өз қаражаты есебінен салынды. Жалпы өңірдегі өндіріс көлеміндегі үлесті арттырады.


Заманауи стандартқа сай салынған өндіріс орындары толық іске қосылғаннан кейін 120 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды.


ӘНУАР ТОЙШЫБАЕВ, ТЕМІР ЕСІКТЕР ЗАУЫТЫНЫҢ МЕНЕДЖЕРІ
 Бұл құрылғы жұмысшылардың қол еңбегін айтарлықтай жеңілдетеді. Барлығы автоматты түрде жүзеге асады, тек команда беру жеткілікті. Бұрын металл дайындауға 20–30 минут кетсе, қазір 2–3 минутта дайын болады.


Кәсіпорындардың іске қосылуы қаланың өнеркәсіптік әлеуетін нығайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп отыр. Өңірде кәсіпкерлік субъектілерінің саны 141 мыңнан асып, шағын және орта бизнестің үлесі 60%-ға жетті.