Елімізде келесі жылдан бастап жеке куәлік тегін беріледі. Енді азаматтар құжатты алғаш рет алғанда немесе оның қолдану мерзімі аяқталған соң жаңартқанда қызмет ақысы алынбайды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитеті хабарлады.
Бастаманың мақсаты – құжат рәсімдеу тәртібін жеңілдету әрі азаматтардың қаржылық жүктемесін азайту. Сонымен қатар, 2026 жылы айлық есептік көрсеткіштің 3932 теңгеден 4325 теңгеге өсуіне байланысты кейбір құжаттарды рәсімдеу құны артады. 16 жасқа дейінгі балаларға арналған 24 беттен тұратын паспорт 15 728 теңгеден 17 300 теңгеге дейін қымбаттайды, 36 беттік төлқұжат 34 600, 48 беттік төлқұжат 51 900 теңге болмақ. Ал жүргізуші куәлігін рәсімдеу құны 5 406 теңгені құрайды.