Мақтаарал ауданына қарасты Ынталы елді мекенінде жаңадан салынған 200 орындық мәдениет үйі мен кітапхананың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ғимараттың ашылуына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, ауыл тұрғындарын қуанышты сәтімен құттықтады.
Мәдениет үйінің құрылысы 2024 жылдың мамыр айында басталған. 1 гектар аумақта салынған ғимараттың ауданы – 1 273 шаршы метрді құрайды. Мұнда 70-тен астам адам жұмыс істейтін болады.
ӘБДУҒАППАР СЫБАНБАЕВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ
Бүгін енді мынау ауылдағы мәдениет үйіміз ескіріп бұзылған еді. Содан аудан, облыс басшыларына өтініш жасап едік соның нәтижесінде мынау былтыр басталды, биыл бітіріп отыр. Жаңа мәдениет шаңырағымыз құтты болсын!
Мәдениет үйінде түрлі бағыттағы шығармашылық үйірмелер, концерттер мен мәдени іс-шаралар өткізуге толық мүмкіндік бар. Сонымен қатар ғимарат ішінен заманауи талаптарға сай кітапхана ашылып, оқырмандарға есігін айқара ашты. Спорттық үйірмелерге де орын қаралған.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Биылғы 13 наурызда Мақтаарал тұрғындарымен өткен кездесуде халық тарапынан бірнеше маңызды мәселе көтерілген болатын. Сіздер құрылысы басталып, қаржының толық бөлінбеуіне байланысты тоқтап қалған екі мәдениет үйінің құрылысын аяқтау туралы ұсыныс бердіңіздер. Бұл – Ж.Нұрлыбаев және Достық ауылдық округіндегі мәдениет үйлері. Аталған нысандарды өз бақылауыма алып, құрылыс жұмыстарына қажетті қаражат толық қарастырылды. Нәтижесінде бүгінде бұл мәдениет ошақтары халық игілігіне табысталуда.
Айта кетсек, бүгінгі таңда ауданда 10 мәдениет мекемесі халыққа қызмет көрсетуде. Аталған мәдени мекемелерде жастар мен оқушылар би, домбыра, қолөнер, эстрада және тағы басқа бағыттар бойынша өз өнерлерін шыңдап келеді.