Жетісай ауданы Асықата кентінде заманауи үстел теннисі орталығы қолданысқа берілді. Нысан «SPORT ASSET MANAGEMENT» қоғамдық бірлестігінің жеке инвестициясы есебінен салынды. Орталықтың ашылуына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жергілікті халықты құттықтады.


Спорт нысаны барлық стандарттарға сай салынып, заманауи үлгідегі құрылғылармен жабдықталған. Ғимарат бір мезетте 200-ге дейін спортшыны қабылдай алады. Мұнда үстел теннисімен қатар бокс және күрес түрлерімен шұғылдануға мүмкіндік бар. ҚР Үстел теннисі федерациясының вице-президенті Елсияр Қанағатов елімізде үстел теннисі қарқынды дамып келе жатқанын айтып, Жетісайдағы жаңа спорт нысанынан болашақ чемпиондар шығатынына сенім білдірді.


ЕЛСИЯР ҚАНАҒАТОВ, ҚР ҮСТЕЛ ТЕННИСІ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ
Қазіргі таңда үстел теннисі елімізде жақсы дамып келеді. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында көптеген спорт кешендері ашылуда. Елімізде үстел теннисіне арналған 12 спорттық кешен бар, сондай-ақ халықаралық деңгейде салынып жатқан нысандар да жеткілікті. Спортшыларымыздың жетістіктері жоғары деңгейде. Ислам ойындарында үстел теннисінен спортшыларымыз екі алтын медаль жеңіп алды. Бұл – үлкен жетістік. Алда көптеген жарыстар бар. 2027 жылы үстел теннисінен әлем чемпионатын Астана қаласында өткізуді жоспарлап отырмыз.


Асықата кентінде орналасқан спорт нысаны 1 гектар аумақты алып жатыр. Құны 1 миллиард теңгені құрайтын орталықта бір мезетте 200 адам спортпен шұғылдана алады. Мұнда екі жаттығу залы бар: бірінде 9 үстел теннисі үстелі, ал екіншісінде 3 күрес кілемі, бокс рингі және тренажер жабдықтары орналасқан. Сонымен қатар орталықта 30 орындық жатақхана мен асхана да қарастырылған.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында бұқаралық спортты дамыту және ауылдардағы спорт инфрақұрылымын жаңғырту жөнінде нақты тапсырмалар берген. Облыста осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда. Биыл облыс көлемінде 112 спорт нысанының құрылысы басталып, бүгінгі таңда оның 102-сі аяқталу сатысында тұр. Қалған нысандар 2026 жылға өтпелі.


 Бүгінде ауданда 77 ашық спорт алаңшасы бар. Оның 49-ы мемлекеттік, 28-і жеке азаматтардың меншігінде. Биыл жыл соңына дейін жалпы құны 90,5 миллион теңгені құрайтын 6 спорт алаңшасы пайдалануға беріледі.