Отырар ауданының мәдениет үйінде Хұсейін Әмір-Темірдің «Ешкімге керегі жоқ ауыл» траги-комедиясы сахналанды. Туындыны «Отырар халық шығармашылығы» ұсынды. Қоғамның өткір мәселесін, ескі ауылдардың өмірін әзіл арқылы жеткізе білген ұжымның өнері көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.


 Аталмыш шығарма ауылдан жырақ кеткендердің туған елге деген құрметін арттыруға бағытталған. Бұл пьеса қазақ ауылының, қоғамның өзекті мәселелерін қозғап, кейіпкерлер арқылы адамдардың ішкі әлемін, тағдырларын суреттейтін шығарма ретінде бағаланады.


Қойылымда көтерген өзекті мәселе – қаңырап қалған ауыл тағдыры, елеусіз қалған адам өмірі сахна тілімен әсерлі бейнеленді. Сахнадағы әрбір көрініс ауылдың тынысын, ондағы жалғыздық пен үміттің үзілмеген жібін айқын көрсетті. Кейіпкерлердің жанайқайы арқылы көрермен туған жерге деген жауапкершілік, адам мен қоғам арасындағы байланыс жайлы терең ойға қалды.


 Әр ауылдың шын мәнінде тарихы бар, жаны бар, жүрегі бар мекен екенін ұғындыруында. Бұл – өткенге емес, бүгінге және ертеңге бағытталған ойлы сахналық туынды. Сахналанған шығарма көрерменді бейжай қалдырмай, туған жерге деген құрмет пен адамгершілік құндылықтарды қайта ой елегінен өткізуге жетеледі.