Бүгін Орталық Азия инновациялық университетінде ел мақтанышы, әлем чемпионы Сәкен Бибосыновпен кездесу өтті. Тағылымы терең жиында білім алушылар көкейде жүрген сауалдарын жолдап, спортшымен сырлы сұхбат құрды.
Қазақ спортының қарыштап дамуына ерекше үлес қосқан саңлақтардың бірі – Сәкен Бибосынов. Ол Орталық Азия инновациялық университетінің түлегі. Спорт шебері шаршы алаңда талай қарсыласын қапы қалдырып, ел мерейін үстем етіп келеді. Тағылымды кездесуде спортшы жеңісті сәттерін еске алып, жастарды тынымсыз еңбек етуге шақырды.
СӘКЕН БИБОСЫНОВ, ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ
Орталық Азия инновациялық университетінің түлегі болғандықтан, оқу орнының ұжымы арнайы шақырды. Өте қуаныштымын. Есіктен кіргеннен бастап зор құрмет көрсетіп, жылы қарсы алды. Әрбірінің ықыласын сезіндім.
Спортшымен жүздескен студенттер сан түрлі сауал қойып, өз ойларын ортаға салды. Жиынға қатысқан жастар чемпионның мазмұнды әңгімесінен үлкен шабыт алғанын айтады.
НҰРИСЛАМ МАХАМБЕТ, ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ИННОВАЦИЯЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ
Сәкен Бибосыновқа бұрыннан жанкүйермін. Жетістікке жету үшін не істеу керектігін сұрадым. Керемет жауап берді.
Шара соңында университет басшылығы ел намысын әлем аренасында абыроймен қорғап жүрген спорт саңлағына сәйгүлік тұлпар мінгізіп, 2 000 000 теңге көлемінде қаржылай сыйақы табыстады. Сондай-ақ спортшыға сәттілік тілеп, ыстық ықыласын білдірді.