Жетісай ауданында тағы бір елді мекен көгілдір отынға қосылды. Бұған дейін пеш жағып, күл шығарып келген тұрғындар көптен бері көтеріліп келген мәселенің шешімін тапқанына қуанышты.


 Көгілдір отынға алғаш қосылғандардың бірі – Салима Нарғозиева. Ол осы шаңыраққа келін болып түскелі көмір тасып, пеш жағып келген. Енді от жағу әуресінен құтылғанына қуанып отыр. Себебі үйдің жылу жүйелерін орталықтандырылған газ жүйесіне қосып алған.


САЛИМА НАРҒОЗИЕВА, ТЫҢ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
 Ауылымызға газ келіп, қатты қуанып жатырмыз. Барлығы жақсы. Бұл бізге үлкен сыйлық болды. Түркістан облысының басшылығына алғысымыз шексіз. Газ құбырын жүргізіп жатқан азаматтарға да рахмет.


Көгілдір отын мәселесін Тың ауылының тұрғындары ертеректен көтеріп келген. Жергілікті халық өтініш-тілектерінің орындалғанына қуанып, облыс басшылығына алғыс білдірді.


 ӘБДІРАХМАН АСАНОВ, ТЫҢ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
 Наурыз айында халықпен өткен кездесуде газ мәселесін көтеріп, сұрақ қойған мен едім. Қазір ауылымызға газ тартылып, қуанып отырмыз. Ауылда басқа да спорт алаңдары салынып, жолдарға асфальт төселіп жатыр. Көп игі іс атқарылуда. Рахмет, мұның бәрі сіздердің қолдауларыңыздың арқасы.


Тың елді мекенінде газ құрылысының жұмыстары биыл мамыр айында басталып, қазан айының соңында аяқталған. Облыстық бюджеттен 164,2 миллион теңге бөлініп, ұзындығы 7,9 шақырым газ құбыры жүргізілді. Оның 0,9 шақырымы – жоғары қысымды, 7,0 шақырымы – төмен қысымды. 942 тұрғын тұратын ауылда 133 абонент тіркелген.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
 Аймақтардың инфрақұрылымы жақсарып, тағы бір ауыл газбен қамтылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауылдарды дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Облыста осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Президент пен Үкіметтің қолдауының арқасында бұл мәселе кезең-кезеңімен шешілуде. Бүгінгі сапар барысында Тың ауылын табиғи газға қосып отырмыз.


Жетісай ауданында тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстарының нәтижесінде 105 елді мекеннің 93-і көгілдір отынмен қамтылған. Жыл соңына дейін тағы 6 елді мекенді газға қосу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 3 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде, ал 10 елді мекенге жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.