Қызылорда қаласында Ұлттық құрылтайдың негізгі отырысы өтті. Мемлекет басшысы елдік мәселелерді талқылап, үндеу жасады. Қоғамдағы негізгі мәселелерге назар аударып, шешім жолдарын ұсынды. Даму тетіктерін нақтылап, алдағы жоспарлармен бөлісті. Қанат Жолдасбек тарқатып айтады.


ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Бұған дейін Ұлттық құрылтайдың төрт отырысы өтті. Оның ықпалымен 26 заң жобасы қабылданды. Республика күні ұлттық мереке болып бекітілді. Түркістанға ерекше мәртебе берілді. Әйелдер мен балаларды қорғау, есірткімен күрес шараларын күшейту, лудоманияға шектеу қою сынды бірқатар бастама қолға алынды. Ұлттық мүдде ұлықталып, елдің алдағы жоспары айқындалды. Кезекті құрылтай не береді, көздегені не? Күн тәртібіндегі негізгі мәселенің бірі – парламенттік реформа. Президент бұған дейін Мәжіліс пен Сенатты біріктіру жөнінде үндеу жасаған еді. Бүгін мемлекет басшысы жаңа Парламентке «Құрылтай» атауын беруді ұсынды. Саясаттанушының сөзінше, бұл заң шығару жүйесін жетілдіріп, оны қабылдау процесін жеделдетеді.


АРДАҚ БАЗАРБЕКҰЛЫ, М. ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОҚУ САЯСАТТАНУ КАФЕДРАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ
«Бір заң шығару үшін 6–7 ай, кейде 1 жылға дейін созылып кететін жағдайлар болады. Ал біз бір палаталы жүйеге көшетін болсақ, заң бір ай көлемінде қаралады, сосын Президентке жіберіледі. Яғни, біз заң шығару процесін екі есе қысқартып отырмыз».


 ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Кеше ғана Астанада парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті. Жауаптылар халықтың пікірі мен ұсынымы, талап-тілегі жөнінде есеп берді. Елдің пікірі мен үні естілуі үшін e-Otinish платформасы мен eGov порталында «Парламенттік реформа» деген арнайы бөлім жұмыс істеді. Азаматтар тарапынан толассыз ұсыным жолданды. Жаңа парламентте қанша депутат болатыны жайында қызу талқы жүрді. Қасым-Жомарт Тоқаев сан сауалдың нүктесін қойды.


ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Президенттің айтуынша, бастапқыда парламенттік реформа аясында Ата заңның 40-қа жуық бабын өзгерту жоспарланған. Алайда жұмыс барысында түзетулер санының артатыны белгілі болған. Арнайы комиссия барлық ұсынысты сараптап, қорытып, нақты өзгерістердің жобасын әзірлемек. Содан соң жалпыхалықтық референдум уақыты белгіленеді.


АЙСАНА САМАН, ЗАҢ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР
 «Конституцияға енген әрбір өзгеріс конституциялық реформаларға алып келеді. Қоғамдағы саяси, экономикалық, әлеуметтік жағдайларға бұл өзгерістер тікелей әсер етеді».


ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Президент 2025 жылды «Жасанды интеллект және цифрландыру жылы» деп жариялады. Құрылтайда бұл мәселеге де сөз болды. Мемлекет басшысы төл тарих пен ұлттық мәдениетті электронды форматқа көшіру қажеттігін айтты. Заман ағымына ілесіп, цифрлық державаға айналу керегін меңзеді. Президент тапсырмасы Шымкентте де жүйелі іске асып келеді. Мәселен, Ө. Жәнібеков университеті жасанды интеллект негіздерін үйрететін арнайы пән әзірлеген.


ЖУЗИРА ҚУАТОВА, ПЕДАГОГИКА КАФЕДРАСЫНЫҢ ОҚЫТУШЫСЫ
«Біз дамыған цифрлық державаға айналуымыз керек. Сол үшін арнайы жасанды интеллект пәнін енгіздік. Жасанды интеллект студенттердің білімін жетілдіруге көп көмегін тигізіп жатыр».


ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Осыдан 101 жыл бұрын, яғни 1925 жылы, дәл осы Қызылордада кеңестердің бүкілқазақстандық бесінші съезі өткен еді. Онда “Киргиз” атауы “Қазақ”, “Ақмешіт” атауы “Қызылорда” деп өзгертілген болатын. Демек, елдік мәселелерді ортаға салатын кезекті құрылтайдың Тұңғыш астанада өтуі – символикалық мән-маңызы жоғары оқиға.