Түркістан облысында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бұл мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттың апталық мәжілісінде қаралды. Жиында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жүзеге асқан шаралар және алдағы кезеңдегі негізгі басымдықтар жөнінде баяндалды.
Облыста 50 колледж жұмыс істейді. Оның 28-і мемлекеттік болса, 22-сі жекеменшік. Колледждер ауыл шаруашылығы, құрылыс, қызмет көрсету, туризм, техника және технология, медицина, өнер және гуманитарлық ғылымдар, білім салалары бойынша мамандар даярлауда. Өңір басшысы мемлекет тарапынан бөлінген гранттарды сапалы игеріп, білікті мамандар даярлап, жастарды облыста ашылып жатқан өндіріс орындарына жұмысқа орналастыру қажеттігін жеткізді.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Колледждерде заман талабына сай сұранысқа ие мамандықтарды оқытуды анализ жасау. Колледждерде интеграция қамтамасыз етуді бір ай мерзімде. Техникалық кәсіптік білім беру мекемелері жұмысын тұрақты бақылауға алуды. Білім саласында бекітілген индикаторлардың мерзімінде орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын.
Өңірде 84 мамандық бойынша 46 747 студент білім алуда. Оның 79 пайызы мемлекеттік тапсырыс негізінде оқиды. 2024-2025 оқу жылында облыс колледждерін 12 619 студент тәмамдады. Түлектердің 81 пайызы жұмыспен қамтылып, жоспарланған көрсеткіш толық орындалған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 5 пайызға жоғары.
ҒАЛЫМЖАН ОРЫНОВ, БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
Еңбек нарығындағы сұранысы жоғары техникалық өндірістік ауылшаруашылығы бағытындағы мамандықтар бойынша жұмыспен қамту деңгейі 90-100 пайыздың аралығында. Ал қызмет көрсету шығармашылық және әлеуметтік бағытындағы мамандықтардың көрсеткіші орташа деңгейде.
Жиын қорытындысында 2026 жылға бірқатар басым бағыттар айқындалды. Атап айтқанда, студенттердің сабаққа қатысуын цифрлық форматта бақылау, мемлекеттік білім беру тапсырысын өңірдің нақты кадр қажеттілігімен және инвестициялық жобалармен тікелей байланыстыру, сұранысы төмен мамандықтарды оңтайландыру және дуальды оқытуды ірі инвесторлармен бірлесіп кеңейту көзделіп отыр.