Қызылордада өтіп жатқан V Ұлттық құрылтайда кәсіпкерлікке берілетін несиелердің пайыздық мөлшерлемесінің тым жоғары екені айтылды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі несие шарттары шағын және орта бизнестің дамуына кері әсерін тигізіп отыр. Осыған байланысты депутат кәсіпкерлерге арналған жаңа жеңілдетілген несие жүйесін енгізуді ұсынды.


НҰРТАЙ САБИЛЬЯНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ

Бүгінгі жиын арқылы ел ішіндегі бірқатар түйткілді мәселеге тоқталғым келеді. Бірінші, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту арқылы экономикада өсімді қалыптастыру. Қазір банктер кәсіпкерлікке несие беру кезінде 25 пайыздық мөлшерлеме қолданады. Бұл кәсіпкерлер үшін қолайсыз және бизнесті дамыту мүмкіндігін шектейді. Сол себепті кәсіпкерлікті қолдау мақсатында жеңілдетілген несие жүйесін енгізу керек деп есептеймін. Мұны даму институттары мен банктердің қаражатын үйлестіру арқылы жүзеге асыруға болады. Сондай-ақ мемлекет тарапынан бизнесті қолдауға бөлінетін қаражатқа, берілетін жеңілдіктерге цифрлық платформа арқылы жыл сайын оның тиімділігіне, экономикаға әсеріне талдау мен бақылау жүргізу қажет. Өйткені жаңа жұмыс орындарын ашу, өндірісті дамыту сияқты бизнесті қолдаудың мемлекетке қайтарымы болуы керек.