Бүгін Қызылордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы басталды. Президент Құрылтай отырысында сөйлеген сөзінде Қызылорданың даму қарқынына жақсы баға берді.


ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ
«Бүгін Ұлттық құрылтай жиыны осымен бесінші рет шақырылып отыр. Бұл форумның алғашқы отырысы ұлт ұясы Ұлытауда өтті. Екінші жиын түбі бір түркі жұртының қара шаңырағы Түркістанда болды. Үшінші отырыс бірегей Атырау аумағында ұйымдастырылды. Ал былтыр тарихи бай Көкшетау төрінде жиналдық. Енді міне қастерлі Қызылорда жерінде бас қосып отырмыз. Бұл - халқымыз үшін орны ерекше аймақ. «Сыр алаштың анасы» деген аталы сөз бар.»

Президент осы атыраптағы Шірік-Рабат, Жанкент, Алтынасар, Баршынкент қалаларының орны көне заманның өзінде қазақ жерінде дамыған қала өркениеті болғанын аңғартатынын айтты.


ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ
«Қызылорданы сол әйгілі қалалардың заңды жалғасы дей аламыз. Бұл шаһардың тарихи мән-маңызы айрықша. Оның осыдан 1 ғасыр бұрын Қазақстан астанасы болғаны баршаға мәлім. Бұл жерде еліміздің болашағына қатысты аса маңызды шешімдер қабылданды.»