Апат айтып келмейді. Толассыз жауын жауып, аула-аймақты су баса қалса не істеу керек? Құтқарушылар жедел әрекет етіп, қауіпті тойтаруға қауқарлы ма? Сақтансаң - сақтайды. Төтеншеліктер алдын ала дайындық жұмыстарын пысықтап, қауіптің кез келген сатысын ауыздықтауға машықтанып жүр. Осы мақсатта 25–27 ақпан күндері «Көктем–2025» оқу-жаттығу жиыны өтеді.
25 ақпанда қала аумағында дауысзорайтқыш сирена іске қосылып, «Баршаның назарына!» пәрмені беріледі. Одан шошып, абдыраудың қажеті жоқ. Бұл — төтеншеліктердің оқу-жаттығу жиынына кіріскенін білдіреді. Практикалық алаңдар қауіп аймағына қарай тоғыз нүктеге бөлінген.
АСҚАР ШӘРІП, ТЖД ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫ ЖОЮ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ИНЖЕНЕРІ
– «Су тасу қаупін тудыратын қалада 4 су қоймасы бар. Қала аумағын кесіп өтетін өзендер мен толассыз жауған жауын да қауіпті еселейді. Осы қауіптердің алдын алу үшін арнайы жағдай жасалған»
Оқу-жаттығу барысында төтеншеліктер арнайы техникаларды тексеріп, тактикалық іс-қимыл схемаларын талдайды. Ескертпей есік қағатын апатты тойтару мен алдын алу жұмыстарын жүргізеді.
АСҚАР ШӘРІП, ТЖД ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫ ЖОЮ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ИНЖЕНЕРІ
– «Оқу-жаттығу барысында шұғыл ден қою жасағы жиналады. Зардап шеккендерді эвакуациялау жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ су басу қаупі бола қалса, біз көршілес Түркістан облысы-на да көмек қолын созамыз»
Баспасөз отырысы әрі қарай сұрақ-жауап форматында жалғасты. Департамент өкілі журналистер жолдаған сауалдарға жеке-жеке тоқталып, толыққанды жауап берді.