Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов «Көктем» базарының кәсіпкерлерімен кездесіп, жаңа Конституция жобасын түсіндірді. Жиында сауда саласындағы құқықтық нормалар мен кәсіпкерлердің міндеттері талқыланды.


Мәслихат төрағасы Жаңа конституцияның негізгі бағыттарына тоқталды. Атап айтқанда, заң үстемдігін қамтамасыз ету, кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері айтылды.


Шымкентте кәсіпкерлермен құқықтық түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді. Сатушылар өз кезегінде өзекті мәселелерін көтеріп, сауда орындарының жағдайы мен инфрақұрылымға қатысты ұсыныстарын айтты. Депутаттар айтылған ұсыныстар назарға алынатынын жеткізді.


Бүгінде «Көктем» базарында жүздеген кәсіпкер еңбек етеді. Билік өкілдері сауда нысандарында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу – кәсіпкерлердің заң талаптарын сақтауда,  тұтынушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын айтты.