Өткен жылы қала экономикасы тұрақты өсім көрсетіп, негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң нәтижелерге қол жеткізілді. Өнеркәсіп саласында 1 528,8 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 113,3%-ды құрады. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 1 363,5 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 15,4%-ға жеткен.
Шағын және орта кәсіпкерлік қарқынды дамып, субъектілер саны 142 мыңға жеткен. Бұл салада жұмыспен қамтылғандар саны 250,4 мың адамды құрап, 10,5%-ға артқан. Сондай-ақ, өңдеу өнеркәсібінде 20 инвестициялық жоба іске қосылып, 66,1 млрд теңге тартылды және 1 000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Индустриялық аймақтарда жалпы 329 жоба жүзеге асырылып, 359,8 млрд теңге инвестиция тартылды, 12 мыңнан астам жұмыс орны құрылған. Қалада 8 индустриялық аймақ жұмыс істейді, оның ішінде «Оңтүстік», «Жұлдыз», «Тассай» аймақтарында инфрақұрылым 80–100% деңгейінде аяқталған. "Stroi Construction" ЖШС – еліміздің индустриялық дамуында өзіндік орны бар заманауи кәсіпорын. Компания үш жыл бұрын өз жұмысын бастаған болатын. Бүгінде қысқа мерзім ішінде өндірістік қуатын арттырып, металл конструкцияларымен қатар, сапалы металл жарықтандыру тіректерін шығарумен айналысады. Өндіріс ошағында дайындалған өнімдер халықаралық стандарттарға сәйкес жасалады. Жарықтандыру тіректері қала көшелерін, өндірістік аймақтарды, магистральдар мен әлеуметтік нысандарды жарықпен қамтамасыз етуге арналған. Әрбір тірек беріктігімен, ұзақ мерзімділігімен ерекшеленеді және климаттық жағдайларға бейімделген.
Қазіргі таңда компания өз өнімдерін Қазақстанның барлық өңіріне жеткізуде. Бұл – отандық өндірістің сапасын арттырып қана қоймай, импорттық тауарларға тәуелділікті азайтуға бағытталған маңызды қадам. Сонымен қатар кәсіпорын 100 ден аса адамды тұрақты жұмыспен қамтып, өңір экономикасының дамуына үлес қосуда
Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 859,4 млрд теңгені құрап, 7,5%-ға өсті. Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 102,9 млн АҚШ долларын құрады. Мемлекеттік қолдау аясында «Бірыңғай кешенді бағдарлама» арқылы 20,2 млрд теңгеге 2035 жоба қолдау алды. Арнаулы салық режимінің 4%-дан 2%-ға төмендетілуі бюджет түсімдерін 9 млрд теңгеден 31 млрд теңгеге дейін ұлғайтты. Ал,сыртқы сауда айналымы 2 605,4 млн АҚШ долларын құрады. Экспорт көлемі 616,7 млн АҚШ долларына жетті. Дайын металл бұйымдары, бөшкелер мен банкалар, бидай, таза мыс, дәрілік заттар экспорты бойынша айтарлықтай өсім байқалды.
Сондай-ақ, сауда саласында да серпін бар. Бөлшек сауда көлемі 1 338,6 млрд теңгені ал, көтерме сауда 2 884,1 млрд теңгені құрады. Жалпы сауда көлемі 25,8%-ға артты. Өткен жыл - инвестиция тарту, өндіріс көлемін арттыру және кәсіпкерлікті қолдау арқылы қаланың экономикалық әлеуетін күшейткен жыл болды.