Жалпыұлттық коалиция қызметі аясында жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған кездесулер жалғасып жатыр. Шымкентке арнайы іссапармен келген ҚР Парламенті Сенатының депутаты Айгүл Қапбарова Абай кітапханасы мен қаладағы адам көп шоғырланатын орындарда халықпен кездесті. Сенатор азаматтарға жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері, оның әлеуметтік-экономикалық бағдарлары және алдағы референдумның ел болашағы жолындағы маңыздылығын жан-жақты түсіндірді.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Айгүл Қапбарова алдымен Абай кітапханасына барды. Ол мекеме қызметкерлерімен кездесіп, жаңа Ата заңда билік институттарының жауапкершілігін арттыруға және халықтың мемлекеттік шешімдер қабылдауға қатысуын кеңейтуге бағытталғанын айтты. Өз кезегінде кітапхана қызметкерлері жаңа Ата заң жобасын түсіндіру бойынша түрлі іс-шаралар өткізіп жатқандарын айтты.
НҰРИЛА ЖҰМАНОВА, ҚАЛАЛЫҚ ОРТАЛЫҚТАНДЫРЫЛҒАН КӨПШІЛІК КІТАПХАНАЛАР ЖЕЛІСІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
Әлемде заман ағымына қарай түрлі өзгерістер болып жатады. Технологияның дамуы, саяси-экономикалық жағдайлар, білім мен ғылымдағы өзгерістер — соның барлығы адамның да өзгеруіне алып келеді. Адамның да қалауы, талабы өзгере бастайды. Заман ағымына қарай бізге жаңа Конституция керек болды.
Сенатор жаңа Ата заңда адам құқығын қорғау, әлеуметтік әділеттілік және заң үстемдігіне басымдық берілгенін айтты. Сондай-ақ неке мен отбасы ең жоғары құндылықтар болып бекітілетінін жеткізді. Мемлекет ресми тіркелген некені ғана мойындайды. Ал отбасы ұғымы ер мен әйелдің өзара ерікті әрі тең құқылы одағы ретінде айқындалады.
АЙГҮЛ ҚАПБАРОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ
Бірінші рет Конституцияда отбасылық құндылықтар қағидаты енгізіліп отыр. Неке дегеніміз не, ол кімдердің одағы? Қазіргі заманда әртүрлі дәстүрлер кіріп жатқан кезеңде неке одағына кімдер кіретінін белгілеп жазып қою өте маңызды. Неке одағында ер мен әйелдің одағы деген сөздер енгізіліп отыр. Қазіргі таңда нақтылап көрсетпесе болмайтын заманға келдік. Сол үшін де некеге тек ер мен әйелдің одағы деген нақты тіркес белгіленіп отыр.
Мәдениет қызметкерлерімен кездесуден кейін Айгүл Қапбарова қаладағы адам көп шоғырланған сауда орталығына барды. Мұндағы кездесу ашық диалог форматында ұйымдастырылды. Сауда орталығына келушілерге жаңа Конституция жобасы түсіндіріліп, жаднамалар таратылды. Тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жауап алды.