Шымкентте мектепке дейінгі білім беру саласын дамыту бойынша жаңа пилоттық жоба іске қосылған болатын. 5 балабақшада бүлдіршіндердің оқу іс әрекеті енді ойын арқылы өтеді. Бұл жоба әр баланың дамуын жан жақты қолдауға бағытталған. Жаңа бастаманы республикада алғашқы қатардан түспей сәтті жүзеге асырып отырған бестіктің бірі – 30 «Алпамыс» бөбекжай-бақшасы.
Қазір мұнда 420 бала ваучер арқылы тіркелген. Олардың оқу іс-әрекеті кәсіптік бағдарға негізделген ойындар арқылы өтеді. Біз барғанда, бүлдіршіндер арнайы жабдықтармен жасақталған бөліктерде өз рөлін тауып, ойнап жүр. Балабақшада логопед кабинеті, мультимедиалық зал да бар.
Балалар әр рөлді ойнау арқылы әлеуметтік дағдыларын, тілдік қабілеттерін және логикалық ойлауын дамытады. Бұл табиғи, қызықты және тиімді оқу формасы. Олардың арасынан болашақ журналистерді де таптық. Кіп-кішкентай құрылысшыдан сұқбат алып отыр.
Жоба педагогтерға да жаңа мүмкіндіктер береді. Аталған бөбекжай-бақшада 6 жылдан бері жұмыс істеп жүрген тәрбиеші Перизат Батырханқызы сабақ өтіп, балаларға артық жүктеме бермейтінін айтады. Бұрынғыдай қосымша ағылшын, орыс тілін үйрету дәрістері алынып тасталған. Оның орнына түрлі ойындар ойнату арқылы даму қабілетін қадағалайды. Бұл тәсіл мектепке дейінгі білім беру сапасын көтереді,-дейді ол.
Тәрбиеші балалардың ойын әрекеттерін бақылайды, жазып алады, бағыт береді. Бұл балдырғандардың әлеуметтік және эмоционалдық дамуы үшін өте маңызды. Олар осы арқылы өзін танып, шешім қабылдауға үйренеді. Мысалы, экология сабақтарында гүлдерді өсіруді, жасыл желекті күтіп-баптауға дағдыланады.
Бұған қоса баланың бойында әлеуметтік дағды қалыптасады, қабілеттері ашылып, логикалық ойлауы дамиды.
Денешынықтырудан сабақтар күн жылығанда далада, ал қыс ауасында спорт залда өтеді. Ұлттық ойындардың түр-түрі ойнатылады. Бұл ретте дәрісті апайлар емес, ағайлар үйретеді.
КСМ: Мекеме сыртында тағы бір қызық орта бар. Ол – жылыжай. Қазірдің өзінде мұндағы балалар топырақтан өніп шыққан өнімдердің құнарын, маңызын біледі. Ал, мынау құрылғы ата-аналардың қолымен жасалған, осы арқылы бүлдіршіндер желдің қай жақтан соғып тұрғанын, батыс пен шығысты, оңтүстік пен солтүстікті ажырата алады.
Шымкенттегі пилоттық жоба көрсеткендей, ойын арқылы оқыту балалардың жан-жақты дамуының кілті. “Алпамыс” бөбекжай-бақшасы – бұл тәжірибенің нақты өмірде қалай жүзеге асатынын көрсететін үлгі.