Ақпандағы қарлы жаңбыр Бадам өзені жағасын бұзған. Көктемде су деңгейі жиі көтерілетін аймақта бетон дамбаның бұзылуына не себеп? Қаладағы криминогендік ахуал қандай? Мегаполис тұрғындарын елең еткізген барлық мәселеге қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек жауап берді.

Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы мамандарының мәліметінше, Игілік, Жаңаталап және Көкбұлақ елді мекендері тұсындағы өзен арнасы реттеліп, жағалауы бетондалған. Бұл шаралар елді мекендерді су басу қаупінен қорғауға бағытталған. Десе де, белгісіз тұлғалардың өзен арнасынан заңсыз тас қазып алуы салдарынан бетон бөгеттің 40 метрі бүлінген.

 СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ӘКІМДІКТІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ
Соның кесірінен өзеннің арнасы бір шетіне қарай бұрылды. 40 метр жерге зақым келді. Мердігердің есебінен қалпына келтірілді.

Шымкентте алаяқтық қылмысы азаймай тұр. Өткен аптада тергеу органдарының өндірісінде тіркелген 169 істің 61-і алаяқтық қылмысы. 41 іс – ұрлық, 12 іс – есірткінің заңсыз айналымына қатысты, қалғаны жол-көлік оқиғаларына байланысты құқық бұзушылықтар.

 СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ӘКІМДІКТІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ
Жол-көлік оқиғалары да күн сайын қаламызда болып жатыр. Жәбірленушілердің де саны артып келеді. Негізгі себебі – жылдамдықты арттыру және ұялы телефонға алаңдау. Осыған қатысты өткен аптада 4 қылмыс тіркелген.


Сонымен қатар интернет желілеріндегі есірткі дүкендерінің қолжетімді болуы қоғамның басты дертіне айналып отыр. Жастардың есірткі заттарын кеңінен қолдануына және заңсыз әрекеттерге баруына себеп болуда. Өткен аптада қала тұрғыны өзінің банк шотын танысына уақытша қолдануға берген. Алайда белгісіз адам ол карта арқылы есірткі дүкендерімен жұмыс істеп, есірткі заттарын сатқаны үшін адамдардан ақша аудартып отырған.