2026 жылы қала экономикасын дамыту бағытында ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Жыл ішінде 27 инвестициялық жоба іске асырылып, 181,5 млрд теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 20 жоба іске қосылмақ. Ірі жобалар қатарында «Alsera KZ» жылыжай кешені , «Ferrum-Vtor» кремний өндірісі , «Sin Yuan Steel» металлургия жобасы және «Dala Mall» ірі ойын-сауық орталығы бар. Шымкенттің индустриалды аймақтарында жұмыс істейтін кәсіпорындар жергілікті кадрларды оқыту және дамытуға ерекше мән береді. 2025 жылы аймақтағы кәсіпорындар мен оқу орталықтары 1 200-ден астам маманды кәсіби дайындықтан өткізді. Жұмысшылар заманауи өндіріс жабдықтарын меңгеріп, сапа стандарттарын сақтауды үйренді. Жаңа өндіріс орындары экологиялық талаптарға толық сәйкес құрылып, қалдықтарды азайту және энергия тиімділігін арттыруға бағытталған. Кәсіпорындар әлеуметтік жобаларды қолдап, жергілікті мектептер мен медициналық мекемелерге көмек көрсетеді.


Шымкенттің индустриалды аймақтарын дамыту 2026 жылы да мықтап өолға алынды. Жоспар бойынша жаңа өндіріс орындарын ашу, өндіріс көлемін 30%-ға арттыру, экспорт әлеуетін кеңейту және инновациялық технологияларды енгізу көзделген. Сонымен қатар, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету арқылы кәсіпкерліктің дамуын қамтамасыз ету басты бағыт болып қала береді. Сол өндіріс орындарының бірі, жуырда ғана іске қосылған бөлме аралық есіктер шығаратын кәсіпорын. Өндіріс орнында әртүрлі материалдан, оның ішінде ағаш, МДФ және басқа да заманауи композиттерден есіктер жасалады.  Жабдықтар толық автоматтандырылған, бұл өнім сапасын тұрақты деңгейде ұстауға мүмкіндік береді.


Айта кетейік, 2026 жылы қала экономикасына 950 млрд теңге инвестиция тарту көзделіп отыр . Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 183 млн АҚШ долларына жетеді деп жоспарлануда.Жаңа жобалар аясында 1 000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылады. 2026–2028 жылдары «TALPYN» өңірлік бағдарламасы іске қосылып, жастар кәсіпкерлігіне жеңілдетілген несиелер мен қолдау тетіктері ұсынылады.Ал, өндірістік әлеуетті арттыру мақсатында 8 индустриялық аймақтың жұмысы жалғасады. Қосымша «Оңтүстік» АЭА, «Жұлдыз», «Бозарық», «Сауда-логистикалық орталығы» аймақтарын кеңейту және жаңа «Темір» индустриялық аймағын құру жоспарланған. Бұл аумақтарда шамамен 900 млрд теңгеге 300 жоба жүзеге асырылмақ.


 Сауда саласында да өсім күтіледі. Жалпы сауда көлемі 4 911,7 млрд теңгеге жетеді деп жоспарлануда. Бөлшек сауда 1 591,5 млрд теңгеге, көтерме сауда 3 310,2 млрд теңгеге дейін ұлғаяды. Жаңа сауда орталықтарының ашылуы мен кәсіпкерлік нысандар санының артуы бұл көрсеткіштерге оң ықпал етеді. Жалпы биылғы жыл- жаңа өндірістердің іске қосылып, инвестиция көлемі ұлғайып, жұмыс орындары көбейетін даму жылы болмақ.