Биыл Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, көрнекті композитор Кеңес Дүйсекеев 80 жасқа толды. Мерейтойға орай А. Пушкин кітапханасының ұйымдастыруымен «Саз әлемінің сәулесі» атты салтанатты кеш өтті. Мәдени шараның мақсаты – сазгердің музыка өнеріне қосқан өлшеусіз үлесін насихаттап, шығармашылық мұрасын кейінгі ұрпаққа кеңінен таныстыру.
Кеңес Дүйсекеев қазақ ән өнеріне лирикалық тереңдік пен заманауи әуезді ұштастыра отырып, тың серпін әкелді. Композитордың қаламынан туған туындылар халық жүрегінен ерекше орын алып, ұлттық мұраның тұғырлы темірқазығына айналды. Сазгер өз шығармашылығы арқылы көркемдік өнерді жаңа белеске көтерді.
РАУШАН ТЕҢЛІБАЕВА, А. ПУШКИН АТЫНДАҒЫ ҚАЛАЛЫҚ ӘМБЕБАП КІТАПХАНАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ
Жалпы, бұл кісінің шығармаларын насихаттап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу мақсатында жастарды шақырып, сазгердің әндері жайлы тың мәліметтермен бөліспекпіз. Кеш қонақтары келіп, түрлі ақпараттармен бөліседі.
Кеш барысында композитордың өмірі мен шығармашылығын қамтыған кітап көрмесі ұсынылып, арнайы дайындалған бейнеролик көрсетілді. Өнерпаздар сазгердің ел жүрегінен орын алған туындыларын жанды дауыста орындап, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
ҚАЛДЫГҮЛ СЕРІКБАЕВА, М. ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОҚУ ОРНЫНЫҢ АҒА ОҚЫТУШЫСЫ
Бұл кісінің әндері құлаққа жағымды. Есте жақсы сақталады. Сол үшін де әлі күнге дейін өміршеңдігін жоғалтпай келеді. Қазіргі таңда жастар қауымы заманауи әуенге салып, әндерін шырқап жүр.
Шараға келген қонақтар қайраткер мұрасының ұлттық мәдениеттегі маңызына тоқталды. Білім алушылармен еркін пікір алмасып, ән өнері жайлы тың ақпаратпен бөлісті.