Еңбек мобильді орталығы былтыр 130 бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізген. Іс-шара барысында жалпы 4282 адамға «Enbek.kz» платформасы арқылы мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек пен жұмыспен қамту шаралары түсіндірілді. Нәтижесінде 700 адам тұрақты бос жұмыс орындарына, 288 адам субсидияланатын жұмыс орындарына жолданды. Ең бастысы, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі тікелей өндіріс орындарында өткізілді. Бұл үрдіс биыл да жалғасын таппақ.


Шымкентте өткен жылы бос жұмыс орындары жәрмеңкесі апта сайын адамдар көп шоғырланған базарлар мен сауда орындарында, саябақтар мен арбатта ұйымдастырылды. Іс-шара барысында жұмыспен қамту бойынша мамандар көпшілікке тегін кеңес беріп, буклеттер таратты. Сонымен қатар 66 шалғай елді мекенде бос жұмыс орындары және түсіндіру жұмыстары бойынша мобильді топтар ұйымдастырылды.


БАҒДАТ АРҚАБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ «ЕҢБЕК МОБИЛЬДІГІ ОРТАЛЫҒЫ» КОММУНАЛДЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
Негізінен бізде жылына 4 рет үлкен жәрмеңке өткізу министрлік тарапынан бекітіледі. Әр тоқсанда бір рет. Үлкен жәрмеңкенің бірін наурыз айында өткізу жоспарланып отыр. Оған 2025 жылы қайтарымсыз грант алғандар мен қайта оқытылғандар шақырылады. Жұмыс берушілерді де шақырамыз деп отырмыз.


Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі көп жағдайда өндіріс орындарында ұйымдастырылды. Бұл, біріншіден, кәсіпорын жұмысымен танысуға, екіншіден, жұмыс беруші мен жұмысшы арасында ашық диалог орнатуға негіз болды. Шымкент қаласының прокуратурасымен бірлесе қолға алынған жоба оң нәтиже бергендіктен, алдағы уақытта да осы тәжірибені жалғастыру жоспарланып отыр.


БАҒДАТ АРҚАБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ «ЕҢБЕК МОБИЛЬДІГІ ОРТАЛЫҒЫ» КОММУНАЛДЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
Бұл жәрмеңкені біздегі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының базасында өткіздік. Прокуратурамен бірлесе отырып, бір жағынан жұмыс берушілердің жұмыс орнымен таныстыруды, екінші жағынан тікелей жұмыс берушілердің өздері үміткерлермен әңгімелесуін мақсат еттік. Өте жақсы нәтиже болды. Келесі жолы тағы да сол жерде өткізу жоспарланып отыр.


Аудандық мансап орталықтары да былтыр 17 іс-шара өткізген. Жалпы мұндай жәрмеңкелер аясында халыққа «Enbek.kz» платформасы арқылы мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектер мен жұмыспен қамту шаралары, қайта оқыту, мемлекеттен қайтарымсыз субсидия алу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.