Инвестициялық жобаларды ұлғайту және өңірдің өндірістік әлеуетін арттыру мақсатында Түркістан облысы аумағында өндірістік парк құрылысы қарқынды жүзеге асырылуда. Жоба аясында тартылған инвестициялар көлемі 138 млрд теңгені құрайды. 2 150 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған.
Өндірістік парк жалпы аумағы 100 гектар жер телімінде орналасқан. Құрылыс жұмыстары екі кезеңмен жүргізілуде. Бірінші кезеңде 30 гектар жер игеріліп, толық инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді. Аумақта үш қатардан тұратын 40 өндірістік ғимарат салынды. Жалпы құрылыс алаңы 73 мың шаршы метрді құрайды. Бұл өндірістер ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, импортты алмастыруға және экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді. 2026–2027 жылдары жүзеге асырылатын екінші кезеңде 70 гектар аумақта 112 өндірістік ғимарат салу жоспарланған. Қазіргі уақытта аталған аумақты инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары басталды. Сыртқы инженерлік желілер мен абаттандыруға қатысты жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, құрылыс-монтаж жұмыстары басталмақ. Жобаның толық іске асырылуы Түркістан облысын еліміздің өндірістік хабтарының біріне айналдыруға негіз болады. Бұл бастама Президент тапсырмасына сәйкес өңір экономикасын әртараптандыру, шағын және орта бизнесті қолдау, жаңа технологиялық өндірістерді дамыту бағытындағы нақты қадам. Өндірістік парктер моделі кәсіпкерлерге дайын инфрақұрылымы бар алаң ұсынып, өндірісті қысқа мерзімде іске қосуға мүмкіндік береді.