15 наурызда өтетін референдумда қала тұрғындары үшін қандай жағдайлар жасалған? Бүгін осы тақырыпта арнайы жиын өтті. Онда ел үшін маңызды күнде азаматтардың белсенділігін арттыру мәселесі сөз болды. Сондай-ақ тұрғылықты жері жоқ, қалаға уақытша келгендерге қатысты жұмыстар таныстырылды.
Шымкент қаласында 700 мыңдай азамат референдумда дауыс беруге құқылы. Оларға учаскелер таңғы 6-дан бастап қызмет көрсетеді. Арнайы комиссия мүшелері де тағайындалған.
Қала тұрғындарына 27 ақпаннан бастап шақыру қағаздары үй-үйге жеткізіледі. Егер бір отбасының 4–5 мүшесі референдумда дауыс беруге құқылы болса, олардың әрқайсысына шақыру жеке үлестіріледі. Әр қағазда арнайы QR-код көрсетілген. Сол арқылы сайлау учаскеңізді анықтауға мүмкіндік бар.
Қала қонақтары мен шаһарда уақытша тұратындар үшін бір реттік дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған. Яғни жақын маңдағы референдум учаскесін таңдап, өтініш беруге болады. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтар өз өтініштері негізінде референдум комиссиясын үйіне шақырып, дауыс беруге құқылы.