Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожаев студенттермен кездесіп, ашық әрі мазмұнды диалог құрды. Тәртіп сақшысымен жүздесуге 500-ге жуық жас шәкірт келген. Олар бас полицей оқыған баяндаманы тыңдап, департамент бастығы көтерген өзекті мәселелерге назар аударды.
Сталкинг, қыз алып қашу, интернет-алаяқтық, есірткі тарату, вейп пен «күлдіргіш газ» қолдану, қоғамдық орындарда бет-жүзді тұмшалау мен самокат жүргізу мәдениеті сөз болды. Мұхтар Қожаев сталкингтің қылмыс ретінде заңмен қарастырылатынын атап өтіп, қыз алып қашу дәстүр емес, адам құқығын бұзу екенін жеткізді. Сондай-ақ интернет арқылы жасалатын алаяқтыққа тоқталған полиция бастығы жастарды оңай табыс ұсыныстарына алданбауға шақырды. Банк картасын бөтен адамға беру қылмысқа ортақтасумен тең екенін түсіндірді. Бұдан бөлек, есірткі тарату да ауыр қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертті. Кездесу барысында арнайы бейнероликтер көрсетіліп, нақты мысалдар арқылы заң талаптары түсіндірілді. Студенттер көкейкесті сұрақтарын жолдап, бас полицеймен пікір алмасты.