Мұндағы 90 баланың 90 түрлі тағдыры бар. Ата-анадан бірін Алла ажыратса, ендібірін безбүйрек әке-шешесі көзі тірісінде-ақ тастап кеткен. Жетімін жылатпаған жұрттың жұрнағы облыс соты мен Шымкент қаласының Абай, Еңбекші аудандық соттарының ұжымы осыны ескеріп, 100 баланың жүзін жайнатты. Жаңа жылдық базарлығын ала келді. Оқуда озат, шын талант иелеріне, талай додада топ жарған дарындарға қысқы және спорттық киім-кешектерін әперді.

Облыстық сот қауымдастығы бұл балалар үйін 2014 жылдан бері қамқорлығына алған. Бүгінгі шара да таныстарды табыстырды. Қамқоршылар мереке мерейін үстем ететін Аяз ата мен Қаршы қызды қоса ертіп келді. Жайшылықта қауыша бермейтін ертегі кейіпкерлерімен кездестерді. Балалар шат. «Шаңырақ» биі сол шаттықты байқатқандай.  

Тимур – тәуір бала. 8-сыныпта оқиды. «Өссем, инженер болсам», - деп армандайды.

Қайырымды жандар жасаған сый-сияпат, мұғалімдер ұйымдастырған шоу-концерт, Аяз ата мен Ақша қар көрсеткен сиқыр... балалардың көзіне толған жас пен көңіліне түскен мұңды бір пәс сейілткендей. Олар жаңа жыл деп, жаңа үміттің отын маздатып отыр. Арқа сүйер ата-анам, бауырға тартар аға-апама қол жеткізсем дейді...

Айжан Әшірхан