Оқушылар да мамандыққа машықтануда. Дублер күні аясында эксперимент тобының студенттері қоғамдық тамақтану орнына барып, тәжірибелі мамандардың шеберлік сағатына қатысты. Мұнда олар ұлттық асхананың ас мәзірінен бастап шығыс тағамдарының жасалу жолдарын үйренді.


 Бала күннен аспаздыққа жақын өскен Сұңқар Тәттібек сабақтан кейінгі уақытын бос өткізбей мамандық алуға бел байлағанын айтады. Сөйтіп, Тамақтандыру индустриясы және сервис колледжінің эксперимент тобына құжат тапсырыпты. Оқимын деген балаға бағыт беріп, білімін шыңдаған ұжым кезекті тәжірибе алаңына алып келіп қана қоймай, қоғамдық тамақтану саласындағы еңбек қызметі туралы алғашқы түсініктерін қалыптастыруға тырысты.


Оқушылардың жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған бүгінгі іс-шарада аспаздықтың қыр – сыры айтылды. Тәжірибелі мамандар шеберлік сағатын өткізді.


Эксперимент тобының студенттері бұйырса келер жылы қолдарына аттестатпен қатар диплом алады. Оларды тәжірибе жинақтау барысында жұмысқа шақырып жатқандары көп екен. Алайда, болашақ аспаздар әзірге, ақша табуды емес, білімдерін шыңдауды көздеп отыр.