Жедел жәрдем шақыртуларының 50 пайыздан астамы жеделділіктің 4-санатына жататын аурулар. Яғни, жоғары қан қысымы, дене қызуының көтерілуі, сондай-ақ, жеңіл жарақаттар. Осыған байланысты денсаулық сақтау министрлігі 1 мамырдан бастап жедел жәрдем қызметінің жұмыс тәртібіне өзгерестер енгізіп отыр. Бұл қадам қызмет көрсету сапасын жақсартып, кешігу мәселелерін шешеді деген үміт бар.


 Қан қысымыңыз жоғарылап немесе дене қызуыңыз көтерілсе енді сізге емхана жанындағы мобильді бригадалар көмекке барады. Егер қажет болған жағдайда, кардиолог пен басқа да мамандар топқа қосылады. Ал кешкі сағат 20:00 кейінгі шақыртуларға жедел жәрдем қызметі көмек көрсетеді.


 Жедел жәрдемге тәулігіне 2 мыңдай шақырту түседі екен. Кей күндері одан да көп болуы мүмкін. Оның тең жарымына жуығы жеделділіктің 4-санатына жататындықтан шұғыл шақыртуларға уақтысында жете алмай жататынын ақ халаттылар жасырмайды. Бұдан былай, қызмет көрсету сапасының жақсарып, кешігу мәселесінің шешілетініне сенімді.


 Емхана жанындағы мобильді бригадалар науқастарға жұмыс күндері таңғы сағат 8:00-ден кешкі 20:00-ге дейін барады. Ал түнгі уақытта және демалыс күндері барлық шақыртуға жедел жәрдем бригадалары шығады.

Министрліктің мәліметінше, бұл азаматтардың 103 нөмірі бойынша шұғыл көмекке шақырту құқығын шектемейді.