Ардагер жолы ұлылық – ұрпағы жүрер ұғынып». М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде осындай атаумен әскери-патриоттық іс-шара өтті.


 Жиын Қарулы күштердің ардагері, отставкадағы полковник Серікбай Оңбаевқа арналды. Саналы ғұмырында ұлтқа адал қызмет етіп жүрген арда азаматтың өмірі жастарға үлгі етілді. Ғылыми конференция форматында өткен шара университет студенттері мен генерал Сабыр Рахымов атындағы әскери колледж тәрбиеленушілерінің басын қосты. Іс-шараға қатысушыларды кездесудің қаһарманы полковник Оңбаевтың сөзі ерекше қызықтырды. Ол тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен армияның дамуына ерекше көңіл бөле отырып, өмірі мен қызметіндегі маңызды кезеңдерден естеліктерімен бөлісті. Жиын барысында Серікбай Оңбаев пен оның отбасының өмірі мен қызметіне арналған көшпелі көрме де ұйымдастырылды. Қонақтар ардагердің жеке мұрағатындағы бірегей жәдігерлерді: фотосуреттермен, марапаттармен және естелік құжаттармен жақын танысты. Серікбай Оңбаев 73 жаста болса да, 54 жыл бойы әскери киімін шешпей, Отанына адал қызмет етіп келеді. Оның отбасында 39 адам өмірін әскерде және басқа да күш құрылымдарында қызметке арнаған. Осындай тұлғаның тарихымен жан-жақты танысу құрметіне ие болғандарын мақтанышпен жеткізіп жатты.