Ақыл емес, ақша билеген қоғамда ізгілік ауадай қажет. Ихсан ілімі – рухани жаңғырудың басты тетіктерінің бірі. Ол жастарды имандылыққа, ата-ананы құрметтеуге, үлкенге ізет, кішіге қамқор болуға тәрбиелейді. Имамдар мен ғалымдар осылай дейді. Шымкентте ғылыми тәжірибелік конференцияда бас қосқан олар діндегі бұл ілімнің мағынасы ашып, түсіндіруге тырысты.
Конференцияға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы келді. Алғы сөзінде Ихсан іліміне кеңінен тоқталды. Осы ілімді терең түсіну арқылы әрбір адам жеке өмірін де, жүрген ортасын да ізгілік пен әділдікке негіздей алатынын жеткізді.
НАУРЫЗБАЙ ҚАЖЫ ТАҒАНҰЛЫ, ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Шын мәнінде, қазіргі қоғамда ихсанға негізделген тәрбиенің негізгі мақсаты – жастарды жаман әдеттерден сақтап, жауапкершілік пен имандылыққа баулу. Сондықтан әрбір адам, әрбір отбасы, оқу орындары мен тұтас қоғам ихсан ілімін ұлықтап, рухани тәрбиенің өзегіне айналдыруы тиіс деп санаймыз. Мектептерде, оқу орындарында өтетін тәрбие сағаттарында ихсін ілімін үйретуді қолға алсақ ұтылмайтынымыз анық.
Мектептер мен мешіттерде, отбасылық ортада ихсан ілімін түсіндіру арқылы ұлттың рухани иммунитетін күшейтуге болады дейді теолог ғалымдар. Олардың айтуынша, ихсан – жүрекпен сену, жанмен сезіну, амалмен дәлелдеу. Нағыз мұсылман болудың, кемел адам болудың жолы екен. Мұны жастар жағы да түсініп, тәрбиенің алғышарты деп отыр.
ӘМІРХАН ЖАНҒАЛИ, МЕДРЕСЕ ТҮЛЕГІ
Жастарға ең керек нәрсе ең алдымен дұрыс мінез,үлкенге құрмет кішіге ізет көрсете алумыз қажет. Сонда ғана шынайы бақытқа қол жеткізіп нағыз ер азамат болып Қазақстан еліне, дініне көмек бере аламыз. Қазіргі таңда жастарда көптеген әдеп мәселесі төмен, әлсіз десекте болады. Автобуста үлкен кісіге орын бермеуі, үлкен кісінің алдынан кесіп өту секілді... ол тіпті мектептерде орын алады.
Аталған ілім жеке адамды рухани тұрғыдан тәрбиелеуде айрықша маңызға ие. Өйткені, ол жүректің, сананың, ниеттің тазалығын көздейді. Адам барлық іс-әрекетінде Жаратушының бақылауында екенін сезінсе, оның сөзі де, амалы да, ниеті де көркем болады. Конференцияға жиналғандардың ортақ пікірі осы.