Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев кезекті рет жеке қабылдауын өткізді. Ашық әкімдік кеңсесіне Отырар, Ордабасы, Жетісай, Мақтаарал, Сарыағаш ауданы мен Түркістан, Кентау және Шымкент қаласынан 10-нан астам азамат өтініштерін арқалай келіпті.
Бірі жеке талап-тілегін айтса, енді бірі қоғамдық мәселелерді көтерді. Атап айтқанда: мектепке атау беру, білім беру ұйымдарындағы еңбек дауы, жекеменшік балабақшаларда бала санын көбейту және қаржыландыру, мектепке қосымша спорт зал салу, мүгедектігі бар адамдардың құқығын қорғау және қолдау, инклюзияға бағытталған кешенді оңалту орталығын ашу сынды проблемалар. Барлық сұрақтарға мұқият назар салған Бейсенбай Дәулетұлы жауапты басқармалардың басшылығына мәселелердің түйіні тарқатылғанға дейін құқықтық сүйемелдеу жүргізу және арыздарды Заң аясында қарауды тапсырды. Өйткені бірқатары қайта зерделеуді қажет етеді. Ал ұсыныс-пікірлер жұмыс барысында ескеріледі, деді облыс әкімінің орынбасары.