Түркістан облысы әкімінің кезекті кездесуі Түлкібас ауданында жалғасты. Нұралхан Көшеров жергілікті тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап көтерілген мәселелер төңірегінде пікір алмасты. Жауапты мамандарға ауданды одан әрі дамыту жолында жүйелі жұмыс жүргізу қажетін ескертті.


Кездесуде аудандағы жалпы өңірлік өнім көлемі 2,4 млрд теңгеге артқаны айтылды. Сонымен қатар инвестиция тарту жағынан да көш ілгері келе жатқан ауданда кемшіліктер де жоқ емес. Жиында Нұралхан Көшеров аудан әлеуетін көтеру бағытында жауаптыларға бірқатар міндеттер жүктеп, нәтижелі жұмыс көрсетулерін талап етті.


 Жалпы Түлкібас ауданында 36 туристік нысан жұмыс істейді. Өткен жылы ауданға 15 500 турист келген. Мұнда балаларға арналған сауықтыру лагерлері, қонақ үйлер, емдік сауықтыру лагерлері мен 21 туристік аймақ қарастырылған. 2030 жылға дейін аталған сала бойынша 14 жоба жүзеге асып, 552 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.


Кездесу соңында Нұралхан Көшеров тұрғындарды жеке қабылдап, мәселелерін тыңдады. Айтылған ұсыныс пікірлер аясында тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.