ЖАС КӘСІПКЕР ТӘЖІРИБЕСІМЕН БӨЛІСТІ
Саодаттың бизнеске келгеніне небары 5 ай. Назарбаев университетінің түлегі заманауи қажеттіліктерді жақсы біледі. Алғашқыда робототехника, кейін экономика салалары бойынша білім алды. Іскерлігі «Skill Pro» роботехника мектебін ашуға септігін тигізді. Мемлекеттің бар саясатынан хабары бар ару... «Бастау» бизнес бағдарламасын да тиімді пайдалана білді. Жастар үлкен жетістікке жетуі үшін жан-жақты болуы керек деп біледі.
Саодат Естиярова – жас кәсіпкер
«Бастау» бизнес бағдарламасын 1 ай оқыдым. Қалай кәсіпті бастау керек, қандай қиындықтар болуы мүмкін, қалай оны дамыту керек оның барлығын бізге үйретті. Әрине, документ жинау барысында кәсіпкерлер палатасы көмектесті. Соларға алғысым шексіз.
Бизнес жобасын жоғары деңгейде қорғап шыққан кәсіпкерге мемлекет тарапынан 3 млн. теңге грант берілген. Қазір ол... сол мүмкіндіктің арқасында балаларды жаңа технологияның тілін меңгеруге баулуда. Алғашқыда жас өрендердің қызығушылығы болмай қалады ма? - деп қорыққан бойжеткен... кейіннен бұл ойының қате екендігіне көз жеткізді.
Берік Кенжебаев – Облыстық Кәсіпкерлер палатасының бизнес тренері
Кәсіпкерлерге деген бағдарламалар аясында көмектер көрсетілуде. Соның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысынан құрылған кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жұмыс істеуде. Бұл орталықта сүйемелдеу бойынша көмектесу жұмыстары жүргізілуде. Біз оларға тегін бизнес-план жасап береміз.
БИЗНЕС ИДЕЯЛАРДЫ ҚАРЖЫЛАЙ ҚОЛДАЙДЫ
Жас кәсіпкерлерге оң жол сілтеуде облыстық Кәсіпкерлер палатасының үлесі орасан. Мұнда 20 жоба сәтті қорғалды. Былтырдан бері 1200 кәсіпкер арнайы курстан өтіп, өз бизнесін бастады. Оларға мемлекет тарапынан 5 млрд. 500 мың теңгенің қаржылай қолдауы көрсетілді.
Н.Шахимерген