Бұл ғасырға жуық тарихы бар Омар Есімов атындағы орта мектебінің 1978 жылғы түлектері. Сол жылы білім ұясынан 19 бозабала мен 17 бойжеткен қанат қақты. Әрқайсысы өмірден өз жолын тапты. Ойы зерек, талабы ерек бұл сыныптағы түлектер арасында бүгінде қайсыбір мамандықтың иесі табылады. Дәрігер, құрылысшы, полковник шеніндегі қызмет иелері бар. Сондай-ақ, ұстаздардың ұлғаты болар олардың біразы мұғалімдік мамандықты таңдап, бүгінде ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып келеді.
Ұлбала Ыстыбаева - мектеп түлегі
Орыс тілі пәні мұғалімінің орны ерекше болды. Сол апайға еліктеп мен мұғалімдікті таңдағанмын. Ол апайдың жүріс-тұрысы, сабақ өтуі, түсіндіруі барлығы маған өте керемет үлгі болды.
Бұл күнгі кездесуге әліпбиді жаттатқызған алғашқы мұғалімнен бастап ұстаздық еткен жандардың дені жиналды. Балалықтың тәтті шағы, оқушылық кезеңнің естен кетпес сәттері сөз болды. Сағыншты сырлар өрілді. Шәкірттерінің бағындырған биігіне ұстаздың мерейі тасыды.
Тұрар Қаныбекова - сынып жетекшісі, ардагер ұстаз
«Рухани жаңғыруға» қосып жатқан үлестері шығар, туып өскен жерін, мектебін аңсап келіп, бас иіп, ұстаздарға, мектепке тағзым етудің өзі үлкен бір көрегенділіктің белгісі деп білемін. Алған тәлім-тәрбиесінің жемісі болар. Мен осы сыныбымды мақтан тұтамын.
Түлектер мектепке тарту ретінде думан залына көрермендер орындығын сатып әперді. Осылайша бұл бөлме енді шәкірттердің санасына сәуле құяр тағылымды да, тәлімді шаралар өткізетін орынға айналмақ.
Бақтыбай Нарқозиев - мектеп түлегі
Өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбиесі мол. Себебі, кейінгі түлектер де біз секілді кездесіп, мектепке қол ұшын созып, демеушілік жасап жатса нұр үстіне нұр болады.
Кездесуде түлектер мектептің бүгінгі буын оқушыларының өнерін тамашалады. Астана - асқақ армандардың айғағы. Тәуелсіздігіміздің тірегі. Шәкірттер Елордамыздың 20 жылдық мерейтойына орай концерттік қойылым көрсетті.
Ғани Қалмаханов