Табиғаты тамаша түстік өңір – туристік әлеуеті әлді аймақ. Бүгінде  облыс аумағында «Ақсу-Жабағалы», «Қаратау» қорығы, «Сайрам-Өгем»,  «Сырдария-Түркістан»  табиғи  парктері бар. Оған Шымкенттегі зообақ пен дендробақты қосыңыз. Жақсыны көрмекке... былтыр 25 687 турист келген. Оның дені – шетелдіктер.

Экотуризмді дамыту арқылы экономикалық ахуалды арттыруға болады. Өткен жылы өңірге келген туристерден 8 млн.-нан астам қаржы түсті. Бірақ, ол ақша сол табиғи қорықтардың сынып-бүлінген, ескірген жерлерін қалыпқа келтіруден артылмайды.

Ерекше қорғалатын аумақтар... Қызыл кітапқа енген, жойылудың аз-ақ  алдында тұрған жануарлар мен өсімдіктерге бай. Аң құстың 350, жасыл желектің 1800-ден астам түрі өседі. Табиғатқа тағылық жасалмай тұрушы ма еді? Бұл да проблема. Биылдың өзінде теріскейдің үш тұрғыны қарақұйрық атып, қолға түсті.

Сала мамандарының сөзіне сенсек, орман шаруашылығы мен ондағы аң-құс асқан қырағылықпен қорғалады. Табиғатқа қастандық жасағандарға аяушылық жоқ. Тіпті, соңғы он жылда бұл салада бірде-бір мәрте сыбайлас жемқорлыққа жол берілмепті. Мамандар міндетін мінсіз атқаруда.  

Сапасыз инфрақұрылым. Шұрық-тесік жол. Ерекше  қорғалатын табиғи  аумақтарда экотуризмді дамытуға кедергі осы. Түйткілдің түйінін тарқату үшін Ақсу- Жабағалы  қорығында  салт-атты күйме мен велоспорт қолға алынбақшы. Туристерді жатын орынмен қамту үшін қалашық  салу да  - жоспардағы іс.

Г. ҚАЛМЫРЗАҚЫЗЫ