Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына биыл 30 жыл. Мерейтой аясында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай облыстағы этнос өкілдері арасында жарыс өтті. «Бірлік» спорттық сайысына 11 команда қатысып, достық пен салауатты өмір салтын насихаттады.
Сайыста этнос жастарынан құралған топтар спорттың 4 түрінен бақ сынады. Шағын футбол, қол күресі, арқан тарту және кір тасын көтеруден өзара мықтыны анықтады.
Тартысты өткен бәсекеде қол күресінен Улугбек Нишантаев қарсылас шақ келтірмей чемпион атанды. 2- орынды Якуб Эльмаз иеленсе, Бобиржан Рустамбеков 3- орынды жеңіп алды. Ал арқан тарту сайысында «Ассамблея жастары» РҚБ-нің Түркістан облыстық өкілдігі жеңіс тұғырынан көрінді. 2-орынды Жетісай ауданы, 3-орыннан Сарыағаш ауданының құрамасы көрінді.
Кір тасын көтеруде Мухамадрасул Расуловқа тең келер ешкім болмады. 2-орын Абдулло Анаркуловтың қанжығасына байланса, 3-орынды Мухторжан Сайдиганиев еншіледі. Ал шағын футбол бәсекесінде Төлеби ауданының құрамасы жеңімпаз атанды. Жүлделі 2-орынды Сарыағаш, үздік үштікке Келес ауданының құрамасы жайғасты. Жеңімпаздар арнайы марапатталып, жүлдегерлерге қаржылай сыйлықтар мен дипломдар табысталды.