Қазығұрт ауданында жылыжай алқаптары көп. Оның басым бөлігі суық айларда егістік аумағын көмір арқылы жылытады. Мұржадан шыққан көк түтін ауыл-аймақтарға таралып, жергілікті тұрғындар наразылық танытады. Мәселенің алдын алып, болдырмау мақсатында жылыжай өндірушілер арасында семинар кеңес өтті. Онда кәсіпкерлер өзара тәжірибе алмасып, ортақ мәселені талқылады.
Қазығұрттағы 231 шаруа қожалығы 190 гектарға жуық жылыжай егеді. Оның 111 гектарында қызанақ, қияр, болгар бұрышы, баклажан өнімдері мен гүл өсіріледі. Көмір түтіні бойынша түсетін тұрғындар арыз-шағымы ескеріліп, жылыжай иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кәсіпкерлерге көмір қазандықтарына арнайы сүзгі орнату және газ жүйесіне өту ұсынылды.
Бүгінде аудандағы 20 гектар жылыжайға сүзгі қойылып, 2 гектар жылыжай көгілдір отынмен қамтылған. Қалған аумақтарға да кезең-кезеңімен сүзгі қою жұмыстары жүргізілмек. Кәсіпкер Қасымжан Шакиров Ташкенттен келген ұсталар жасаған пеш ауаға ешқандай ыс шығармайтынын айтады.
Айта кетейік, аудан әкімдігі «Тұрбат» индустриялдық аймағын құруды жоспарланған. Егер жоба сәтті іске асса ауыл тұрғындары көмір түтінінен толық құтылады дейді мамандар.