Сұм соғыстың аяқталғанына биыл 80 жыл! Жүрекке жара салған сол бір жылдары оңтүстік өңірінен 140 мыңға жуық адам майдан даласына аттанса, тең жартысына жуығы туған жерге оралмаған.


Оның 51-і Кеңес Одағының батыры, 8 - і III дәрежелі «Даңқ» ордені кавалерлері атағын алған. Қаһармандарымыздың ерлігін еске алған ұрпағы бүгін Жеңіс саябағындағы «Ерлік» мұражайына жиналды.


Құралбай Смайловтың әкесі соғыс ардагері. Ржев қаласын азат етуге қатысқан Боранбай Смайлов көзі тірісінде 2 мәрте «Даңқ» орденімен, Ерлік медалімен марапатталған. Соғыстан кейін де елдегі тірлікке араласып, өлшеусіз үлес қосқан жанның ұрпағы мақтанышпен еске алды.


Мерекелік шара аясында арнайы ұйымдастырылған көрме арқылы соғыс жылдарындағы сарбаздардың хаттары, фотосуреттері, жәдігерлері мен құнды тарихи деректер көпшілік назарына ұсынылды. Салтанатты бөлімде сөз алған спикерлер жеңістің маңыздылығына тоқталып, майдангерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын айтты.


 Сонымен қатар мектеп оқушылары мен колледж студенттері патриоттық өлеңдер оқып, майдангерлерге арналған сахналық қойылымдар көрсетті. Іс-шара барысында соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетіліп, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.