Шымкент қаласында денсаулық сақтау саласында ауқымды өзгерістер жүзеге асырылуда. Амбулаториялық-емханалық көмекті бүгінде 60 медициналық ұйым көрсетіп отыр, оның ішінде соңғы үш жылда ашылған 14 жаңа емхана тұрғындарға жақын жерден қызмет алуға мүмкіндік берді. Дәрігерлердің жүктемесін айтарлықтай азайтты. Қазіргі таңда мемлекеттік және жекеменшік стационарларда 4 894 төсек-орын бар. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 10%-ға артқан.
Қаланың медицина ұйымдарының 58,6%-ы ұлттық аккредитациядан өтіп, қызмет сапасы мен пациент қауіпсіздігін арттыруда. Жоғары технологиялы оталар саны артып, 2025 жылы қалада 1 502 күрделі ота жасалды. Оның ішінде бүйрек, бауыр және жүрек трансплантациясы да бар. Сондай-ақ жаңа туған нәрестелерге сирек кездесетін ақаулар бойынша бірқатар күрделі операциялар сәтті өтті. Бұл көрсеткіш қаланың медициналық әлеуетінің жоғары екенін айғақтайды.
Қаржыны тиімді игеру мақсатында 7 ауруханада «Госпитальдық фармация» бөлімшесі ашылып, тағы 5 мекемеде іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар, шетелдік орталықтарда 100-ден астам дәрігер білімін жетілдірсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 116 маманға жетпек. Жергілікті бюджет есебінен 23 санитарлық автокөлік сатып алынды.
Медицина нысандарын жаңғырту ісі де қарқынды жүріп жатыр. №1 қалалық клиникалық аурухананың күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Ал қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы 2025 жылдың соңына дейін жаңартылады. Қалада жаңа көпбейінді клиникалар ашылып, балалар мен ересектерге арналған оңалту орталықтарының саны артты.
Балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу мақсатында мамандарға семинарлар өткізілуде. Сондай-ақ тұмау, қызылша, ЖРВИ сияқты аурулардың таралуына жол бермеу үшін профилактикалық жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр. Ал 30 мамыр күні Шымкентте ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің көшпелі алқа отырысы өтеді деп жоспарланған.