Шымкент қалалық мемлекеттік архиві ІІ дүниежүзілік соғыстың жаңа қырларын таныту мақсатында ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырды. Мақсат – архивтік құжаттар негізінде қазақстандықтардың соғыстағы ерлігін зерттеп, олардың жеңіске қосқан орасан үлесін насихаттау.
Басқосуда тарихшы-ғалымдар 1941-1945 жылдардағы архивтік құжаттар негізінде баяндама жасады. Шетел архивтерінен алынған тың деректер конференцияның ғылыми құндылығын арттырып, қазақстандықтардың майдандағы ерлігін айшықтады. Архив қызметкерлерінің ұйымдастыруымен көрсетілген деректі фильмдер соғыс жылдарындағы ауыр кезеңдерді тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Жиында студенттер белсенділік танытты. Сабыр Рахымов атындағы әскери колледж ұланы Заңғар Орынбасар бұл конференцияның ел тарихына деген қызығушылығын арттырғанын айтады.
Сонымен қатар «Қазақстан: бәрі де жеңіс үшін, бәрі де майдан үшін» көрмесі аясында фотоқұжаттар мен архивтік материалдар көпшілік назарына ұсынылды. Бұл көрме қазақстандықтардың майдан мен тылдағы қажырлы еңбегін паш етіп, тарихи оқиғаларды көрнекі тұрғыда жаңғыртты.