Ашық дереккөздерге сүйенсек, екінші дүниежүзілік соғысқа 1,5 миллионға жуық Қазақстандық аттанып, оның 600 мыңы майдан даласында қаза тапқан. Оған жарақат алып, арбаға таңылған қаһармандарды қосыңыз. Соғыс салған зобалаң мұнымен де шектелмей, тылда қалған азаматтар ауыр еңбекке жегіледі. Қаншама ана баласын, қаншама сәби әкесін жоқтап зар илейді. Абырой болғанда кеңес әскері жау армиясын талқандап, Рахымжан Қошқарбаев Рейхстагқа ту тігеді. Биыл құндылығы шексіз ұлы жеңіске 80 жыл! Мерейтой аясында Әбдімұса Қуатбеков университеті музыкалық сазды кеш өткізіп, майдангерлерді еске алды.
Сүгір атындағы халық ұлт-аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен халық әртісі Құрманбай Шойынбаев сағат бойы ән салып, соғыс жайындағы туындыларды шырқады. Зұлмат жылдар бейнесі әнші тұлғасына бөтен емес. Әкесі майданнан жаралы оралып, сұм соғыстың зардабын тартқан. «Бүгінгі кеш Отан үшін жанқиярлықпен алысып, адалдық үлгісін танытқан қаһармандарға арналады» - дейді ол.
ҚҰРМАНБАЙ ШОЙЫНБАЕВ, ҚР ХАЛЫҚ ӘРТІСІ, ОҚЫТУШЫ
– «Бағдарламадағы әндердің басым бөлігі де соғыс жайындағы әндер. Орысша, қазақша.» – «Бұрынғы, ұмытылып бара жатқан композиторлардың да соғыс жайындағы әндерін дайындадым.»
Концерттік бағдарламаны «музыкалық білім» кафедрасы ұйымдастырған. Сазды кеш барысында ұжым қызметкерлері жанды дауыста ән салып, студенттерге үлгі көрсетті.
Студенттік белсенді Анар Омарғалиқызы сазды кештен ерекше әсер алғанын айтады. Сөзінше, Отан үшін от кешіп, кеудесін оққа тосқан батырларды еске алу, құрмет көрсету – кейінгіге парыз.
АНАР ОМАРҒАЛИҚЫЗЫ, СТУДЕНТ
– «Олар біздің осылай той тойлап, тыныш ұйықтап, концерт өткізуіміз үшін соғысты.» – «Ол кісілер осы кезге дейін біз үшін еңбек етсе, бүгінгі концерт сол кісілерге кейінгі буынның тартуы»
Тарихқа тағзым жасалған кеште 20-дан аса туынды орындалды. Көрермен әрбір әнге ерекше елітіп, ұйып тыңдады. Университет басшылығы, мазмұны мен тағылымы жоғары мұндай кештер жас өрен санасына үлгі-өнеге дәнегін егеді, - дейді. Сол үшін де осы сынды концерттер жиі ұйымдастырылады.
БЕРІК САДЫҚОВ, Ә.ҚУАТБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚТАР ДОСТЫҒЫ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОРЕКТОРЫ
– «Мақсатымыз соғыс заманында және одан кейін шыққан әндерді жас өренге тыңдатып, патриоттық сезімін ояту.» «Университетте мұндай іс-шаралар жиі өтеді»
ӨТЕГЕН ГУБАЙДУЛЛИН, МУЗЫКАЛЫҚ БІЛІМ КАФЕДРАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ
– «1 млн 200 мыңдай азамат соғысқа аттанса, соның жартысы қайта оралған жоқ.» «80 жылдығына осындай концерт ұйымдастырғаным дұрыс деп өткізіп отырмыз.»
Концерттік бағдарлама барысында көрермендер соғыс жайындағы әуендермен қатар, классикалық туындыларды да тыңдап, көңіл көтерді.