Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдағы тапсырмасына сәйкес футболды дамыту мәселелері талқыланды. Бүгінгі таңда түркістандықтардың футболмен шұғылдануына мүмкіндік беретін 1249 спорт нысаны жұмыс істеп жатыр.
Олардың ішінде 21 стадион, 141 жабық манежі, 208 алаң, 879 алаңша бар. Оның 635-і білім беру ұйымдарының меншігінде. 2023 жылмен салыстырғанда 107 нысанға артқан. Биыл 7 манеж бен 51 алаңшаның құрылысы жүріп жатыр. 88 ұйымда футбол үйірмесі жұмыс істейді, барлығында 13 650 бала жаттығып жүр. Алайда жиында облыс әкімі бұл бағытта тиісті жұмыстарды көріп тұрған жоқпын деп, кесіп айтты. Қай аудан, ауылда футболға лайықталған спорт нысандары жеткілікті, қай жерде жеткіліксіз екенін зерделеу қажетін тапсырды. Нұралхан Көшеров: «Кәсіби футбол клубтарына бөлінген қаржы, олардың көрсеткіштері саралансын. Өңіріміздегі клубтар өз деңгейінде өнер көрсетіп жатқан жоқ. Клубтарға бөлінген қаржы ақталды дей алмаймыз. Жұмысты жүйелеп, дамудың жоспарын әзірлеңіздер», – деді жауапты сала басшыларына.