Төлебилік колледж студенттері «WORLDSKILLS TURKISTAN-2025» чемпионатынан олжамен оралды. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының білім алушылар арасындағы кәсіби шеберлік байқауына 17 шәкірт қатысып, соның 12-і жеңімпаз атанды. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында мерейі үстем болған шәкірттерге білім ордасының ұжымы ерекше құрмет көрсетіп, марапат төріне шығарды.


 Жахангер Ханаев Леңгірдегі №8 колледждің 3-курс студенті. Болашақ жас маман Түркістанда өткен жұмысшы мамандықтарының жарысында жүлделі 1-орынға ие болды. Оның айтуынша, чемпионат өте тартысты өтті. Құрғақ құрылыс материалдарын қолдана отырып, Жахангер екі тәулік ішінде өзіне жүктелген тапсырманы тап-тұйнақтай етіп орындап шықты.


Жахангерден бөлек, арыны мен дарыны келіскен 17 студент Түркістанда өткен жарысқа қатысты. Соның 12-сі жүлдемен оралды. «Болашақта өз кондитер цехымды ашып, қазақтың ұлттық тағамдарын дайындап, насихаттаймын», - дейді чемпионаттың екінші орын жүлдегері Аяулым Пайзылаева.


Ал ұстаздар қауымы жыл бойы еткен еңбегінің жемісін көргеніне дән риза.


«Кірпіш қалау», «Плитка жапсыру», «Шанақ жұмыстары», «Жеңіл автокөліктерді жөндеу және техникалық қызмет көрсету», «Дәнекерлеу технологиялары», «Аспаз ісі», «Кондитер ісі» және «Сән технологиясы». Ұзын-ырғасы 16 құзыреттілік бойынша өнер көрсеткен колледж шәкірттері енді республикалық байқауда бақ сынамақ.


Жеңімпаздарға алғыс хаттар мен қомақты қаржылай сыйлықтар үлестірілді. Бүгінде мұнда 7 мамандық бойынша мыңға жуық студент білім алуда. Колледж ұжымының айтуынша, осынау үлкен жетістікке тынымсыз еңбектің арқасында жетіп отыр. Өйткені соңғы үш жылда оқу ордасының ғимараттары жаңарып, шеберханалар соңғы үлгідегі техникалық құралдармен қамтылған.