Шымкентте қайда барса да жанынан қылқаламы мен мольбертін тастамайтын суретші тұрады. Сұлтанбек Жаңбыршиев – табиғат көріністерін бейнелегенді жаны сүйетін маман. Серуендеп не жұмыс бабымен қоршаған ортаға сапар шексе міндетті түрде табиғат тереңіне бойлайды. Шабыт келіп, идея туындаса бірден оны қағаз бетіне түсіреді. Бүгін 40 жылдық тәжірибесі бар суретші жеке көрмесін өткізіп, шығармаларын көрермен назарына ұсынды.


Суретшілік соқырлардың жұмысы. Өйткені ол көргенін емес, сезінгенін бейнелейді. Бұл ұлы суретші, бейбіт бейнелеуші, парасатты Пикассо пайымы. Сұлтанбек Жаңбыршиевтың қылқаламынан туған мына шедеврлер сезім сарайын сипап өтіп, жүректің жүгенсіз пернелерін басады. Жаның жадырап, көңілің көтеріледі. Үңілсең, әр суретке астар, мән жасырынған. Ол өз көрерменін ойға батырып, тылсымына тартары анық. Америкадан келген оқытушы Шон Пепе осы пікірде. Сөзінше ол табиғат пейзажына елітіп, рухани ләззат алған.


 ШОН ПЕПЕ, ОҚЫТУШЫ

 «Мына картина маған қатты ұнады. Тамаша ой салып, туған жерімді еске түсірді. Суретші мұнда кенепті шеберлікпен пайдаланып, жоғары деңгей көрсеткен. Таңданысымды жасыра алар емеспін!»


Сұлтанбек Жаңбыршиев шығармашылығының дені пейзаж жанрын құрайды. Оңтүстік өңірдің тұмса табиғатын, өзіндік ерекшелігін паш ететін картиналар аса шеберлікпен бейнеленген. Суретші жақсы туынды керемет көңіл-күй талап ететінін айтады. Кейбір туындыларды жарты-ақ сағатта, ал тағы бір санат картиналарын бірнеше ай толғанып салады.


СҰЛТАНБЕК ЖАҢБЫРШИЕВ, СУРЕТШІ

– «Апталап, айлап салатын кездер болады. Мәселен мына жұмысқа қарап отырамын да мына жерін өзгерту керек екен деп өзгеріс енгіземін. Ал мына кішкентай картиналардың барлығы жарты сағаттық жұмыстар.»  «Осы салған туындылардың барлығы Шымкенттің айналасы. Машаты бар, Біркөлігі бар.» 


Көрмені тамашалауға студенттер мен қатар кәсіби суретшілер де келіп, туындылар жайында ой-пікір айтты. Мамандар әріптестің әрлеуімен туындаған картиналарға жоғары баға беріп, шығармашылығына табыс тіледі.


ҚУАНДЫҚ ЕРАЛЫҰЛЫ, Ө.ЖӘНІБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ОҚПУ ПРОФЕССОРЫ, ПЕДОГОГИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ

 – «Пейзаж оқушыларға тәрбие беруде өте ұтымды. Туған ел, туған өлке табиғатын сүюге, қастерлеуге шақырады. Кейбір туындылар жылы түстерге, кейбір туындылар суық түстерге негізделген.» 


Суретші Ө.Жәнібеков университетіне дәріс өтеді. Саналы шәкіртке сапалы білім беріп, білгенімен бөліседі. Шәкірттерінің алды шәкірт тәрбиелеп, аға ізін жалғап келеді. Суретші шығармашылығын әрмен қарай дамытып, тың туындыларды бейнелеуді көздейді.